Батыс Қазақстан облысында «Елім менің» жастар коалициясы құрылатын болды

Аталған шараға қатысқан 70 делегат әр түрлі саланың өкілдері. Оның ішінде республикалық және аймақтық жастар ұйымдары көшбасшылары, жоғары оқу орындары өзін-өзі басқару ұйымдары мүшелері, жас журналистер, атақты спортшылар, танымал блогерлер, еріктілермен қатар, Атырау, Ақтөбе, Маңғыстау облыстары жастар өкілдері де бар.

Елім менің

Форум жұмысына қатысқан облыс әкімі Алтай Көлгінов делегаттарға Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының құрамдас бөлігі болып табылатын «Туған жер» бағдарламасы жалпыұлттық патриотизмді, туған жерге, өскен ауылға, қала мен өңірге деген сүйіспеншілікті қалыптастыруға бағытталатынын атап өтіп, әр салада ел дамуына өз үлестерін қосып жүрген Мұхтар Манкеев, Тұрсынбек Қабатов, Алпамыс Шаримов сынды батысқазақстандық жастардың қызметін үлгі етті.

Сондай-ақ, «Жасыл Ел» жастар еңбек жасақтарының республикалық штабы жетекшісі Тохтар Болысов, «Қазақстан студенттері Алянсы» республикалық қозғалысы көшбасшысы Ильяс Түстікбаевтар өңір жастарына «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жаңа жобаларды бірігіп жүзеге асыруға шақырса, өз кезегінде сөз алған жас өнерпаз Марина Бигалиева жас ұрпаққа тағылымы мол Ақжайық өңіріндегі тарихи орындар туралы мектеп оқушылары мен студенттер үшін смартфондарға арналған арнайы мобильді қосымша, виртуальды электронды өлкетану кітапшасын жасауды ұсынды.