БҚО жастары форумында болашаққа бағдар жасалды

Алғаш сөз алған А.Көлгінов Елбасы Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында көтерілген сананы жаңғырту, ұлттық
болмыстан, ұлттық кодтан айырылып қалмай, оны әлемдік құндылықтармен үйлестіріп, Қазақстанның игілігіне жарату жолындағы мақсат-міндеттер туралы пайымдауларымен бөлісті. Бәсекеге қабілетті, әлемдік деңгейде танылған әрі дамыған рухани кемел ел болу жолында жастарды «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» бірлесе әрекет етуге шақырды.

– Облыста «Туған жер», «Атамекен», «100 жаңа есім» жобаларын жүзеге асыру бойынша жобалық менеджмент кеңсесі іске кірісті. Оның басшысы облыстық мәслихаттың ең жас депутаты Салтанат Тұманбаева. «100 жаңа есім» жобасына халықтың қызығушылығы өте жоғары. Тек біздің өңірден 1800 ұсыныс келіп түсті.
Жалпы, рухани жаңғыру – ең алдымен туған жердің тарихын білу. Әр өңірдің өзінің ерекше жерлері бар. «Қазақстанның жалпыұлттық 100 киелі нысаны» қатарына
біздің облыстан Хан ордасы мен Жайық қалашығы енді. 500 микросокралды нысанды анықтау мақсатында Астана мен өзге өңірлерден бір топ мамандар келді, олар қазір аудандарды аралап жүр, – деді Алтай Көлгінов.

«Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалысы кеңесінің төрағасы Мұхтар Манкеев те өз ойын ортаға салды.

– Рухани жаңғыру жөніндегі ұлттық комиссия құрылды, жұмыс топтары нақты жоспарларын жасап, жан-жақты жұмыс жүргізілуде. «Қазақстан-2050» жалпыұлттық
қозғалысы қоғамдық талқылаулар негізінде сараптамалар жасадық. Рухани жаңғыру туралы көбі естіген, бірақ өкінішке орай оның контенті қандай, нәтижесі нендей болмақ, міне, осы жайттан хабарсыз. Осыған нақты жауап ретінде қоғамдық және әлеуметтік жобаларды басқару менеджменті арқылы жүзеге асыру міндеті тұр, – деді ол.

Ән әлеміндегі жетістігімен жаһан жұртшылығын таңдай қақтырған Димаш Құдайбергеновтің продюсері, жерлесіміз Алпамыс Шаримов өзінің жетістікке жету сырын ортаға салды. Форумға қатысушылар жиын соңында «Рухани жаңғыру» бағдарламасын, оның ішінде арнайы жобаларды лайықты жүзеге асыру мақсатында облыс жастарының коалициясын құру туралы бастама көтерді.

Тоқтар Ғабдірешұлы