Ақмола облысының елді мекенінде дәрiгерлiк амбулатория күрделі жөндеуден өтті

Бүгiн «Родина» агрофирмасы» ЖШС базасында агроөнеркәсiп кешенiн дамыту мәселелерi бойынша ғылыми-консультативтiк кеңестiң отырысы өтуде. Оған аудан, қала əкiмдерi, өңiрлiк кәсiпкерлер палатасы, А.И.Бараев атындағы астық шаруашылығы өндiрiстiк орталығының, Ұлттық аграрлық ғылыми-оқыту орталығының мал шаруашылығы жəне өсiмдiк шаруашылығы Солтүстiк Қазақстан ҒЗИ өкiлдерi, ауыл шаруашылығы құрылымдарының басшылары мен аграномдарынан құралған 200 астам адам қатысуда.

Кеңесте баяндама жасаған «Родина» агрофирмасы» ЖШС басшысы Иван Сауэр бизнестiң әлеуметтiк жауапкершiлiгi шеңберiнде атқарлыған жұмыстар туралы айтып бердi. Қонақтарға Иван Адамович «Туған жер» бағдарламасы бойынша күрделi жөндеу жұмыстары жүргiзiлген дәрiгерлiк амбулаторияның iшiн аралатып көрсеттi. Айталық, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы мiндеттердi жүзеге асыру бойынша алғашқылардың болып қол ұшын созған кәсiпкерлердiң бiрi — осы Иван Сауэр.

Кәсiпкер өзiнiң 30 миллион теңге қаражаты есебiнен ауылдағы дәрiгерлiк амбулаторияға күрделi жөндеу жұмыстарын жүргiздi және күндiзгi стационар ғимаратын салып бердi. Оған қоса, Зеленый Гай ауылындағы мәдени-сауықтыру кешенiн қалпына келтiруде. «Мұнда медициналық мекеменiң толыққанды жұмыс iстеуiне барлық жағдай жасалынған. Стомотология және физиокабинет жабдықталған. Окургтегi төрт ауылдағы 2000 астам адамға медициналық қызмет көрсетiлетiн болады. Өзiм жақында Астанадағы медициналық университеттi тәмамдап, осында «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша келдiм. Менi серiктестiк басшысы баспанамен қамтамасыз еттi», — дейдi аға дәрiгер Алена Злодеева. Ал, зейнеткер Анна Иванова болса, жергiлiктi дәрiгерлер қызметiнiң сапасына жоғары баға берiп отыр.

Сонымен қатар, И.Сауэр қонақтарға өз басқаратын «Родина» агрофирмасы» ЖШС әлеуметтiк-өндiрiстiк нысандарын аралатып көрсеттi. Оның iшiнде жабық хоккей корты, сән салоны, кiтапхана, мәдени және демалу саябағы, сүт зауыты сияқты нысандар бар.