Оралдағы мектептер жаңа оқу жылына дайын

Деркөлдегі бір мектептің құрылысы жыл аяғына дейін, екіншісінің құрылысы алдағы жылы бітеді деп жоспарлануда. Бұл туралы облыстық құрылыс басқармасы мәлімдейді.

Орал қалалық білім беру бөлімінің басшысы Жансұлу Төремұратованың айтуынша, қала мектептеріндегі ұстаздардың 90,5 пайызы жоғары білім алған.

«Алдын ала болжамды мәлімет бойынша 2017-2018 оқу жылында қала мектептеріндегі оқушы саны 44 893 оқушы болады деген дерек бар. Соның ішінде 1-сынып табалдырығын 5761 шәкірт аттайды деп отырмыз. Оларға 3272 педагог сабақ бермек. Ұстаздардың 90,5 пайызы жоғары білімді. Мектепте сабақ беретін магистр дәрежесі бар ұстаздардың саны 29-дан 42-ге көтерілді. Қала мектептеріне оқулық сатып алуға және жеткізуге 692 857 мың теңге қаражат бөлінді. Жаңа оқу жылының алғашқы күні Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» тақырыбында тәрбие сағаттары жүргізіледі деп жоспарланып жатыр», – деді қалалық білім беру бөлімінің басшысы Жансұлу Төремұратова.

Айта кетейік, Орал қаласы — (1775 жылдан бастап), Батыс Қазақстан облысының орталығы (1932 жылдан), ірі темір жол станциясы, Жайық бойындағы өзен порты, әуе жолдарының торабы. Қала Жайық өзенінің жағасында, Шағанның Жайыққа құяр тұсында орналасқан. Бүгінгі күні Орал қаласы – Қазақстандағы ірі мәдени-эконономикалық орталықтардың бірі. Қаладағы ірі кәсіпорындар: “Зенит” зауыты, “Омега”, “Металлист”, Орал механикалық зауыты, Орал арматура зауыты, Орал полипласт зауыты өндірістік кәсіпорны, “Аяз” ЖШС және республикалық мемлекеттік “Орал мемлекеттік ауыл шаруашылық стансасы” кәсіпорны. Бұлардан басқа облыстық дәрежедегі нан комбинаты, жылу, жарық, газ кәсіпорындары жұмыс істейді. Қалада 2 мәдениет үйі, 18 кітапхана, Киров саябағы, 3 музей, 2 театр, филармония, көрме залы, 46 мектеп, 3 жоғары оқу орны мен 3 бөлімше бар (2000). Сондай-ақ, 35 қазыналық емдеу мекемесі жұмыс істейді. Оралда Батыс Қазақстан темір жол жүк тасымалының Орал бөлімшесі орналасқан. Қала Жайық бойындағы ірі өзен айлағы саналады. 18 ғасырда салынған сәулет ескерткіштері сақталған.

Тоқтар Ғабдірешұлы