Батыс Қазақстанда «Мектеп жол» қарқын алуда

Акция аясында аймақтағы әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасының балалары оқу құралдарымен, мектепке қажетті киім-кешекпен қамтамасыз етіледі.

Шараның басты мақсаты — «Менің таңдауым-балаларға көмек көрсету!».

Акцияға Шыңғырлау ауданы, Полтава ауылының тұрғындары мен шаруа қожалықтарының жетекшілері өз үлестерін қосты. Атап айтар болсақ, жеке кәсіпкерлер Ж.Шурманова, М.Шурманова, К.Коннова, Ә.Қазиева, «Алаша» шаруа қожалығының басшысы А.Тулеганов, «Жайдар» шаруа қожалығының басшысы Н.Лесов секілді азаматтар мен азаматшалар ауылдағы тұрмысы төм тоғыз отбасы балаларына оқу құралдарын, киім-кешек алып беруге қаржылай көмектесті.

Айта кетейік, аймақтағы орта мектептің ұстаздар ұжымы да шараға өз үлестерін қосты.

Он жылдан бері үзілмей келе жатқан қайырымдылық шарасы аясында биыл да тұрмыс жағдайы төмен отбасылар мен ата-¬аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларға әлеу¬меттік көмек көрсетіледі.

Өткен тоғыз жыл ішінде 36 мыңнан астам балаға 349 млн 273 мың теңге көлемінде көмек көрсетілсе, демеу¬шілер мен қайырымдылық жасаушылар тарапынан 147 млн теңге табыс етілген.

Былтыр осы акция кезеңінде 6158 балаға 72 437 300 теңгеге көмек көрсетілсе, оның ішінде 4632 балаға 49 338 100 мың теңге демеушілер тарапынан көмек көрсетілді.

Жақында ғана Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Білім және ғылым министрлігі Балалардың құқын қорғау комитеті төрағасының орынбасары Мәншүк Әбдікәрім жылдан жылға акцияның ауқымы кеңейіп, тұрақты демеушілер мен меценаттардың қатары артқанын айтқан болатын.

Оның айтуынша, әлеуметтік себепке байланысты сабақтан қалу жағдайларын болдырмау үшін рейдтік шаралар ұйымдастырылатын болады. Тиісті мамандар пәтерлерді, саяжайларды аралап, ата-анасының бақылауынсыз жүрген балаларды іздестіреді.

Тағы бір айта кетерлігі, жасаған жақсылығын жұртқа жариялап, соның есебінен өзіне жарнама жасағысы келіп тұратын адамдардың әрекетінен кейін көптеген ата-аналардың реніші туындайды екен. Балалардың да намыстары келіп, көмек алудан бас тартатын болған. Осы акция аясындағы қайырымдылығын жариялы түрде жасаған оқиғалардың әсерінен биылғы акция¬ның өтуіне өзгешеліктер енді. Енді қайырымдылық көмек ешқандай салтанатты түрде немесе мектептегі сап түзеуде тапсырылмау жөнінде өңірлерге нұсқау хат жолданыпты.

«Мектепке жол» акциясына кез келген жағдайы жоқ отбасылар қатысып, көмек ала алады. Ол үшін 8-7172-74-25-28 нөмірлі жедел желіге хабарласуы керек. Ал әлеуметтік ахуалы төмен отбасыларға көмектесемін деген ақ ниетті азаматтар болса, 8-7172-74-21-40 телефонына хабарласып, қол ұшын беруге болады.

Тоқтар Ғабдірешұлы