«91» тобы: Фильмді көргендер бізге басқа қырынан қарайды

«91» тобы — еліміздегі Q-POP атты жаңа музыкалық бағытты ойлап тапқан алғашқы топ. Олардың басқалардан ерекшелігі — жиі сұхбат бермейді, тойға шықпайды. Топ мүшелерінің әрқайсысының лақап аттары бар. ‘ALEM’ — Батырхан Маликов, ‘ZaQ’ — Дулат Мухаметкалиев, ‘A.Z’ — Азамат Зенкаев, ‘BALA’ — Данияр Кулумшин, ‘ACE’ — Азамат Ашмакын.

— Сендер жайлы кино түсіреді дегендегі бірінші реакцияларыңыз қандай болды?

ALEM: Менің ең алғаш реакциям — күтпегендік болатын, алғашында сенбедім. Әрине, бала кезімнен актер болуды армандадым. Бірақ, шындығына келгенде, қорқынышты екен. Себебі, тәжірибемнің жоқ екенін, кәсіби актер емес екенімді түсінемін. Фильмде түсесің дегенде, біраз ыңғайсыз сезіндім өзімді. Фильмге түсуді қалаймын да, бірақ қолымнан келмейді (күледі). Көп еңбектену, жұмыс істеу және оқу керек. Сондықтан фильм жайлы алғаш естігенімде, бірден: «жұмыс, жұмыс, жұмыс» деген ойлар келді.

AZ: Маған Эминемнің шығармашылығы ұнайды. «8 миля» фильмін көрген кезде, біз туралы да фильм түсірсе екен деп армандайтынмын. «91»-ді алғаш көрген кезде еріксіз көзіме жас келді, өткенімзді еске алдық. Барлығымыз өзгергенімізді түсіндік. Фильм мен күткеннен де жақсы шықты. Көрсетілімнен кейін студияға барып бір-екі трек жазып та үлгердік.жағынан, мүмкін кәсіби актер болмағанымыз үшін қорыққан шығармыз.

ZAQ: Барлығымыз фильм түсіруге әлі уақыт келмеді деп ойладық. Өз басым қарсы болдым, актерлік қасиеттерім жоқ, камераны ұнатпаймын. Тіпті селфиді де әрең жасаймын. Камерафобпын, бейнебаян түсірген кезде қатты қиналамын. Ондай кездерде камераға жұмыс жасап жатқанымды байқамауға тырысамын.

ACE: Әрине, таң қалдым. Тіпті концерттерімізді болдырмаған кездерден кейін, түрлі пікірлер білдірілгеннен кейін, бізді алдап жатыр ма деген ойлар келді.

BALA: Мен болсам, кино түсіруге тұрарлық дүние бар ма екен деп ойландым. Балалармен, Ерболат ағамен көп кеңескеннен соң, шынымен, халыққа айтатын дүниеміз бар деп шештік. Басқа жігіттерді білмеймін, өз басым менен қандай актер шығады екен деп көп ойландым. Бірақ актерлік шеберлік сабақтарынан кейін өз-өзіме сенімдік, еркіндік пайда бола бастады.

— Түсірілімге қалай дайындалдыңдар және дайындық кезіндегі ең қиыны не болды?

BALA: Түсірілімге дайындалу үшін Лермонтов атындағы театрдың актрисасы Ольга Ландинадан актерлік шеберлік сабақтарын алған болатынбыз.

AZ: Орыс тілін енді үйреніп жатқаныма қарамастан, өзімді өте жайлы сезіндім. Сабақта барлық тапсырмаларды орындап, 100 %-ға берілдім. Сабақта үйренген дүниелер қаншалықты пайдалы екенін түсірілім алаңында ғана түсіндім.

ZAQ: Актерлік шеберлік сабақтары соншалықты қызық өтетінін күтпеген едім. Жаңа бір рөльді сомдаған сайын, саған жаңа бір әлем ашылады. Шыны керек, камерадан әлі де қорқамын, бірақ өз-өзіме деген сенімділік пайда болды.

ALEM: Жалпы процесс қызық өтетін, бірақ уақыттың тапшылығына байланысты дайындықтың қалыпты жүйесімен емес, керісінше жүрдік. Ең қиынынан оңайына жылжып отырдық. Сонда ең оңай рөльді сомдау — ең қиыны екенін түсіндік.

AСЕ: Барлығымыз іштей түсірілім қалай өтеді екен деп қобалжыдық. Көптеген фильм түсірген өз ісінің мамандарымен бірге жұмыс істедік. Кәсіби деңгейде актер емеспіз, сондықтан түсірілім тобының, продюсерлердің, жанкүйерлеріміздің көңілінен шықпаймыз деп көп уайымдадық.

— Фильмді алғаш көрген кезде қандай сезімде болдыңдар?

ALEM: Шындығын айтқанда, алғаш көрсетілімді тамашалау үшін залға кірген кезде, қорқыныш сезімі басым болды. Себебі, енді фильмге ешқашан түспейміз деп ойладық. Объективті түрде барлығымыз кәсіби актер емес екенімзді түсінеміз, әрине. Бірақ, фильмнің алғашқы нұсқасын көрген кезде, біраз аң-таң боп отырып қалдық. Идея туындаған кезде, барлығымыз қарсы болғанымызға қарамастан фильмді шығарғандары үшін продюсерлер мен режиссерге алғысымызды айттық. Көрсетілімнен кейін фильм басымыздан өткенімізді қайта еске алуға көмектескенін түсіндік.

AZ: «NINETY ONE» фильмін ең алғаш көрген кезде, денем тітіркеніп кетті. Себебі өткендегі өз-өзімізді сомдадық. Одан кейін бәрі өзгерді: жағдайлар, адамдар және, ең бастысы, біздің дүниетанымымыз. Сезімімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.

ZAQ: Өз-өзіме сыни көзбен қараймын: ойынымның барлық келеңсіз тұстарын, барлық қателіктерін байқап отырдым. Ең қызығы — фильмнен шабыттанып, көрсетелімнен кейін бірден студияға барып ән жаздық.

— Ата-аналарыңыз бен достарыңыздың фильмге деген реакциялары қандай болады деп ойлайсыңдар?

BALA: Шынымды айтсам, білмеймін. Уайымдамасын деп анама көп нәрсені айта бермеймін. Ол кісі өте сезімтал, жылайтынына күманім жоқ. Әкем болса, мақтанады, мақтан тұтады. Жастайымнан өнерге баулаған осы әкем.

ALEM: Ата-анам мен үшін қуанатынын білемін. Олар өмірімде болып жатқан барлық жаңалықтар жайлы хабардар. Балаларының жетістікке жеткеніне, үлкен экранда көргендеріне қуанады.

ACE: Жақындарым қатты әсерленеді, оған күмәнім жоқ. Олардан басымнан өткен кейбір жағдайларды жасырғанымды білетін болады. Бастысы, жыламаса екен.

AZ: Анам жылайды, ал әкем болса «Балам, басыңнан шынымен де бұндай жағдайлар өтті ме» деп ойлайды. Қайда жүрсем де, анам мені сезетін. Қиналған сәттерімде хабарласып, жағдайымды, қайда жүргенімді, халімді сұрайтын. Ақшамның жоқтығын жасырып, жағдайымның жақсы екенін айтатынмын.

ZAQ: Жақындарым бұл фильмді көргенде, оларға бар шындықты айтпағанымды түсінеді. Дегенмен, фильмдегі жағдайлар 100% -ға толық көрсетілді деп айта алмаймын, кей жерлерін біраз «жұмсарттық».

— «NINETY ONE» фильмі 3 апта бойы түсірілді. Демалыс пен үзіліссіз 21 күннен кейін қалыпты өмірге қайта оралу қиындық тудырмады ма?

ALEM: Түсірілім біткен соң, бірден студиялық жұмыстарға кірісіп кеттік. Әндерімізді жазып, бейнебаяндарымызды түсіруге, сериалымыздың түсірілімдеріне кірістік. Одан кейін концерттік турға дайындала бастадық. Уақыт зымырып өтіп жатты. Дегенмен, түсірілім алаңында өткізген уақытты тек жылы сезімдермен еске аламыз. Алғашында фильмге түсу оңай емес: барлығы бір-бірімен ұрсысады, режиссер командаға айқайлап жүреді деп айтты. Бірақ біздің жағдай басқаша. Режиссер бізге түсіністік танытып, бізбен әзілдесетін. Түрлі қызықты хикаялар айтып, көңіл-күйімізді көтеретін. Түсірілім командасымен достасып кеткеніміз соншалық — кездессек, бір-бірімізді туғанымыз сияқты құшақ жая қарсы аламыз.

AZ: Негізі, мен тұйық адаммын, бірақ түсірілім командасына қатты бауыр басып қалдым. Оператор, режиссер, костюмерлер: шығармашылықпен айналысатын адамдардың жанында жүру қатты ұнады.

— Фильмге түскеннен кейін киноға деген көзқарастарың өзгерді ме?

ACE: Әрине, жалпы кинематографқа деген көзқарасым өзгерді. Қазір фильмдерде көптеген дүниелерді байқайтын болдым: қай бұрыштан түсірілді, қандай план таңдалды, актерлер қаншалықты шынайы.

ZAQ: Бұның алдында белгілі бір туындыны тамашалаған кезде ләззат алатынмын. Қазір болса, ден салып, мұқият қараймын. Жақында хоррор фильмін көріп, еш қорықпадым. Себебі, оператордың актерды қалай түсіріп жүргенін елесеттім.

BALA: Түсірілім алаңында бір рет болып көрген адам фильмдерді бұрынғыдай қарай алмайды. Фильмнің қалай жасалатынын білсең, түсірілім командасы оған бар күшін, ынтасын, махаббатын салатынына көз жеткізсең, фильмдерге деген көзқарасың өзгереді.

ALEM: Енді фильмдерді тамашалаған кезде, сюжетін ұмытып кететін жайым бар — операторлық шеберлікке, костюмерлердің жұмысына мән бере бастадым. Өмірімді кинематографпен байланыстыру —  менің балалық арманым. Қазір бұл саланың тек негіздерін білемін, бірақ көп білгім, оқығым келеді.

BALA: Арман жайлы сөз қозғасақ, өрмекші-адамның азиаттық нұсқасы — менің бала кезден армандап келе жатқан рөлім. Әрине, Кирстен Данстпен қуана-қуана жұмыс істейтін едім (күледі).

— Музыкалық тарихтарыңды санамағанда, сендер жайлы толықметражды фильм түсірілді. Топқа келместен 4 жыл бұрын өздеріңе қандай кеңес берер едіңдер?

BALA: Ештеңеден қорықпа, тоқтама, ерінбе! Жақсы көретін ісіңмен айналыс. Егер де 4 жыл бұрын осы кеңестеріме құлақ ассам, қазіргі Данияр бұдан  да мықты болатын еді.

ALEM: Барлығына жағудың жолын іздеме. Өз-өзіңді және өзгелерді алдама. Егер де бұны 4 жыл бұрын түсінсем, даму жолым  тезірек өтер ме еді.

AZ: Өз-өзіңе сен және ісіңе берік бол! Артқа қарама!

ACE: Азамат, адал армандарыңа берік бол, жүрегіңді тыңда! Тындырылған әрбір істің берекесі бар.

ZAQ: Өзіңе сен және ештеңеден қорықпа! Қорқыныш сенімі жиі бөгет жасайды, уақыт өте келе белгілі бір мақсатқа келе жатқан адамның не де болса жолы болатынын түсіндім.

— Сендердің ойларыңша, көрермен бұл фильмді не себепті көруі керек?

АСЕ: Адамдар осы фильм арқылы шығармашылығымызға басқа қырынан қарайды деп үміттенемін.

BALA: Фильм адамдардың толғандырып жүрген сұрақтарына жауап береді. Фильмнен біздің қазақ отбасынан шыққан қарапайым балалар екенімізді түсінетін болады.

ZAQ: Қарындасым к-попты ұнататын. Мен болсам, біртүрлі киінеді, шаштарын бояп, сырға тағады деп оларды жақтыртпайтын едім. Олар жайлы сериал көріп, оларды жақсы тани бастағанымда, бұл да өнер екенін түсіндім.

AZ: Адамдардың біз жайлы білетіні тек өсек-аяндарға негізделген. Фильмнен кейін бізге деген көзқарас өзгереді деп ойлаймын. Бала кезімде: «рэп саған ақша әкелмейді, бұл тек хобби. Басқа жұмыспен айналыс», деп айтатын. Мен болсам арманымның орындалатынына сендім. Фильм жастарға өз арманынан бас тартпауды үйретеді.

ALEM: Мүмкін, ынталану үшін. Мотивация барлық адамға белгілі бір мақсатқа жету үшін керек. Жастарды ынталандырғымыз келеді. «Шаштарыңды бояңдар» деп емес, «ешқашан берілмеңдер, не де болса мақсаттарыңа жетіңдер» деп.

Біздің фильм дүниеге біраз болса да, кеңінен қарауға мүмкіндік береді. Өзіңе деген сенімділікті арттыруға көмектеседі деп үміттенеміз.

Сұхбаттасқан Арай Аманқұлова

ДереккөзThe-steppe.com