Талдыапан ауылдық округінен 18 шақырым қашықтықта орналасқан Қособа елді мекенінің Никанор бастауыш мектебінде 30 оқушы білім алуда. Алайда, мектеп ескірген. Сол себепті, ауылдағы шаруа қожалықтарының жетекшілері, тұрғындар жаңа мектеп салуды көптен ойластырған. Енді, міне, отыз оқушыға арналған жаңа мектептің қабырғасы қалануда.
Қособа елді мекенінде құрылған «Талдыапан» ауылшаруашылық тұтынушылар кооперативінің төрағасы Мақсат Нұғымановтың айтуынша, аналық басқа берілетін субсидия қаражатына ауыл тұрғындары мектептің құрылысына қажетті материалдар алуды жөн көріпті. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» демекші, осындай игі бастама өзге де ауылдарға жұғысты болса екен дейміз.
Айта кетейік, Қазталов ауданы — Батыс Қазақстан облысының батысында орналасқан әкімшілік-аймақтық бөлік. Шығысында Ақжайық, оңтүстігінде Жаңақала, Бөкейорда, батысында Жәнібек, солтүстігінде Тасқала ауданы мен Ресейдің Сарытау облысы, Александров-Гай ауданымен шектеседі. Орталығы – Казталовка аулы. Алғаш 1928 жылы құрылған. Кейін (1997) Жалпақтал (бұрынғы Фурманов) ауданы таратылып, оның негізінде Казталов ауданы бұрынғы аумағын кеңейтіп қайта құрылды. Қазталов ауданы 16 ауылдық әкімшілік округтен тұрады. Олар: Ақпәтер, Қайыңды, Болашақ, Бостандық, Бірлік, Жалпақтал, Жаңажол, Казталов, Көктерек, Қараоба, Қараөзен, Қарасу, Қошанкөл, Талдыапан, Талдықұдық, Тереңкөл. Ауданда 54 елді-мекен бар. Аудан етті-сүтті мал, қой, жылқы және астық өсіруге маманданған.
Ауыл шаруашылығына жарамды жері 1,78 млн. га, оның ішінде егістігі 25,7 мың га, шабындығы 200,9 мың га, жайылымы 1,47 млн. га-ны құрайды. Аудан аумағындағы бұрынғы (1997 жылға дейінгі) 2 ұжымшар, 14 кеңшар, 2 бордақылау бірлестіктері 30-дан астам шаруа қожалықтарына қайта біріктірілген. Жалпы білім беретін 54 мектеп, оның ішінде 25 орта, 6 орталау, 23 бастауыш, 1 кәсіптік-тех. мектептер бар. 2 мәдениет үйі, 37 кітапхана, 39 клуб, 4 кинотеатр, 2 музей жұмыс істейді. Емдеу орындарынан ауданы аурухана мен 2 емхана, 14 фельдшер-акушерлік пункт бар. Аудан жерімен Жәнібек – Казталовка, Жалпақтал – Чапаев – Казталовка, Жалпақтал – Талдыбұлақ автомобиль жолдары өтеді.
Еске сала кетейік, жуырда аудандық мәслихат депутаттарының келісімімен Қазталов ауданының әкімі болып бұған дейін Сырым ауданын басқарып келген Абат Шыныбеков тағайындалды.
Тоқтар Ғабдірешұлы
Тұрарбек Ақмұрзин