ЭКСПО көрмесінің мерзімін тағы екі айға ұзарту туралы ұсыныс бар

Еліміздегі туристік операторлар, мейрамханалар, қонақ үйлер мен хостелдер, транспорттық компаниялардың басшылары «Астана ЭКСПО-2017» ҰК басқармасының төрағасы Ахметжан Есімовке көрмені тағы екі айға созу туралы өтнішпен хат жазды.

«Туристік операторлар мен қоғамдастықтар бірінші рет сыртқы және ішкі туризмнен табыс табуға мүмкіндік алды. Отандық туроператорлар өздерінің барлық бағыттарын тәжірибеде сынап, клиенттерінің сұранысына қарай қызмет түрлерін жетілдірді. Ресторан иелері айналымдарын бірнеше есеге арттырса, қонақ үйлерге деген сұраныс шетелдегі демалыс аймақтарындағыдай дәрежеге жетті»,- деп жазылған хатта.

Кәсіпкерлердің айтуынша, олар аз ғана уақытта бірнеше жаңа жұмыс орындарын ашып, жоғары табыс тапқан.

«ЭКСПО басталғалы бері туроператорлар көрмені тамашалауға, концерттерге, спорттық шараларға, ресми кездесулерге қатысуға арналған 30 туристік пакет жасады. Көрме қонақтары мен қатысушылары күн сайын 50 бағыт бойынша қаланы аралауға мүмкіндік алды»,- деп жазды кәсіпкерлер.

Олар Ахметжан Есімовке осы өтініштерін мемлекет басшысы мен Халықаралық көрме бюросына жеткізуді сұрады.

«Көрмені 1 қарашаға дейін созу қызмет көрсету мен туризм саласындағы компаниялардың аяққа тұрып кетуіне үлкен септігін тигізеді. Сондай-ақ, туризм күніне орай жыл сайын өтетін халықаралық туристік көрме Астанада ұйымдастырылады. Оған да келетін шетелдік қонақтар көп. Осылайша, ЭКСПО көрмесінің арқасында ішкі нарығымызды дамытып, еліміздің туристік әлеуетін шетелдіктерге де көрсете аламыз»,- деп жазды бизнесмендер.