ЭКСПО-2017: Бүгін Үндістанның ұлттық күні өтіп жатыр

Үндістанның ұлттық күнінің ашылу салтанатында еліміздің Сыртқы істер министрінің орынбасары Ақылбек Камалдинов қатысты. Сондай-ақ, Үндістанның Қазақстандағы елшісі Харш Кумар Джайн келді.

Дәстүрлі концерттен кейін делегациялар екі елдің павильондардын аралады. Үндістан ғимаратында елдің баламалы энергетика саласындағы жетістіктері көрсетілді. Елдегі климат ыстық болғандықтан, күн энергиясы басты тақырып ретінде таңдап алынды.

Үндістан павильонының қызметкері Қадиша Тұрсынбектің айтуынша, үндістандықтар көрмеге күн энергиясын қолданатын әуежайды ұсынған.

«Бізде ұсынылып отырған жобамыз — халықаралық әуежай. Ол 100 пайыз күн энергиясын пайдаланылатын әлемдегі бірінші әуежай болмақ. Оңтүстік батыста орналасқан, Керала ақаласындағы аумақта күн батареялары бар. Аталмыш күн батареялары 2014 жылы ашылды», — дейді ол.

Аталмыш шарада үнді елінің «Раджбахар» тобы би орындады. Үндістан мемлекеті көрмеге халықаралық күн альянсын құру туралы өз жобасын ұсынған. Мұндағы басты мақсат – әлемдік энерготиімділік нарығында нормативтік құқықтық базаны құру. Олар келген қонақтарға көрмеге әкелген қызықты жобаларын көрсетті.

Айта кетейік, шара кезінде Үндістан павильонына қызықты экскурсия жүргізіледі.