Астанада «Қазақ еліне мың алғыс!» ескерткіші орнатылады

Жиында атқарылған жұмыстар талқыланып, ұсыныстар қабылданды. Мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйым өкілдері, белсенді жастар қатысқан шарада алдағы уақытқа арнайы жоспар құрылды.

Қазақстанның халық әртісі Талғат Теменов еліміздегі басты мәселе руханият екенін атап өтті.

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» – мәдениетімізге, әдебиетімізге, жалпы болашағымызға бағдаршам. Елбасы атап өткендей, экономиканы көтергенмен, мәдениетсіз, руханиятсыз халық бола алмайды. Сондықтан бүгін көтеріп отырған басты мәселеміз – руханият. Онсыз мемлекет толыққанды ел бола алмайды», — деді ол.

Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев келесі жылы «Қазақ еліне мың алғыс» ескерткішін орнатылатынын  мәлім етті.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша келер жылы Астанада «Қазақ еліне мың алғыс!» ескерткіші орнатылады. Қазіргі уақытта конкурстық шаралар өткізіліп жатыр. Ол қиын-қыстау кезеңде Қазақстанға еріксіз қоныс аударылған этностар мен халықтардың барлық өкілдеріне үміт отын сыйлап, жан жылуымен, нанымен бөліскен қазақ халқына құрметтің белігісі ретінде Алғыс күніне арналады», — деді Ермек Аманшаев.

Айта кетейік, бағдарлама аясында 162 жоба енгізілген. Осы уақытқа дейін 30-дан астамы жүзеге асырылды.