Ғалымдардың айтуынша, ересек адамдарға 7-9 сағат ұйықтау қажет. Бұл ұйқы екі циклден тұрады: жылдам және баяу. Баяу ұйқы фазасы адам организмінің демалып, қалпына келуіне көмектеседі. Ал жылдам ұйқы фазасында мидағы қажетсіз ақпараттар өшіріліп, адамның жады тазартылады.

Ұйқы режимінің дұрыс болмауынан ұйқы синдромы пайда болады. Синдромның кесірінен адам әдеттен тыс іс-әрекет жасауы мүмкін. Тіпті, кейде бұл қауіпті болуы да мүмкін.

Zzz-mailing синдромы

Ұйқы
©haberturk.com

Zzz-сілтеме немесе «Түнде не істегенімді білмеймін!». Осындай синдромның алғашқы белгілері осыдан он жыл бұрын байқалған. Zzz-сілтеме синдромы бойынша онға жуық адам ғана тіркелген.

Ең алғаш 2006 жылы АҚШ-тың Толедо университетінің ғалымдары  аталған синдромды анықтаған. 44 жасар әйел түн ортасында компьютерін қосып, достарына түрлі мәтіндегі хабарламалар жіберген. Алайда, «Тегін сусын менен», «Ертең кешке кездесейік», «Тек қана шарап ішеміз» деген хабарламаларды жолдағаны таңертең мүлде есінде қалмаған. Достары хабарласып, мән-жайды түсіндірген соң барып сенген. Ол бұрын өзінің айкезбелік қасиеттері болмағанын айтады. Дегенмен, түсінде хат жазуды доғара алмаған.

Ғалымдар, Zzz-сілтеме синдромы компьютерде көп уақыт отыратын, онлайн ойындарға құмар адамдардың бойында кездеседі дейді.

Терезе арқылы саяхат

©Colors.life

Жылдам ұйқы фазасының бұзылуы кезінде адамдар түсінде көріп жатқан іс-әрекетін өңінде де қайталауы мүмкін. Ұйықтап жатып айқайлау, төбелесу, аяқ-қолын сермеу сияқты әрекеттер адам психологиясының зақымдануына әкеп соғуы мүмкін.

2007 жылы Германияның 17 жасар тұрғыны 4-қабаттан құлап кеткен. Тротуарға құлаған жігіт аяғының сынғанын сезбестен ұйықтай берген. Американдық Майк Бирбиглия ұйықтаған күйінде екінші қабаттағы қонақүйдегі бөлмесінен секіріп кеткен. Сондықтан, ғалымдар бұл синдромды «терезе арқылы саяхат» деп атаған.

Ұйқыдағы ару

Ұйқыдағы ару
©Youtube.com

Ұйқыдағы ару немесе ғылым тілінде Клейн-Левин синдромы деп аталатын аурудың құрбандарының өмір бойы ұйқысы қанбайды. Аталған синдромнан әдетте 13-19 жастағы жасөспірімдер зардап шегеді. Олар 3 ай сайын бірнеше тәулік ұйықтайды, алайда ұйқысы қанбағандықтан шаршаңқы әрі ашулы болып оянады.

Ұйқыдағы ару синдромының ең ауыр түрі Калифорнияда тіркелген. Калифорния тұрғыны жылына 8-10 рет ұзақ ұйқыға кетеді екен. Ұйқысы келген кезде оның жазу, сөйлеу және ойлау қабілеті күрт төмендеп кететін көрінеді. Ал қалыпты жағдайда озат оқып, жұмысын да істей береді.

Ал ең танымал «ұйқыдағы ару» Ұлыбританияда тұрады. Оның ұйқыдағы рекорды — 1 апта. Алғашында ата-анасы оны өліп қалды деп ойлаған екен.

Ғалымдар әлі күнге дейін бұл синдромның себебін таба алмай дал. Кейбіреулер мұны ми жұмысының әлсіреуіне байланысты деп болжайды. Аурудың беті тек 40 жастан асқан соң қайтуы мүмкін.

Қазақта ұйқы синдромына байланысты «айкезбе» деген ұғым бар. Аталған синдромдардың барлық белгілерін топтастырып осылай атап жүрміз. Халықтық медицинада мұны емдеудің дәстүрлі тәсілдері бар. Ұйқы синдромымен күресте медицинаның өзі қауқарсыздық танытып отыр. «Мұның бәрі тылсым табиғат пен құпия жаратылыстың бір көрінісі»,- дейді ғалымдар.