Неймар ең қымбат трансфер атанды

Бразилиялық футболшы Неймар күні кеше ғана француздың «ПСЖ» клубымен келісімшартқа отырды. Бұл келісім үшін ол 20-70 миллион еуро, ал бұрынғы клубы 222 миллион еуро алады.

Келісімшарт жасардан бір күн бұрын футболшы «Барселона» клубындағы әріптестерімен қоштасып, жаттығудан кейін кеткен.

«Пари Сен-Жермен» клубына қосылғаным үшін қуаныштымын. Менің ойымша, ол — жеңіске талпынып жүрген клубтардың бірі. Бұл жаққа ауысуыма не түрткі болғанын сұрасаңыздар, айтайын: жанкүйерлердің тілегін орындап, клубқа жаңа титулдар алып беруді мақсат еттім. Мен төрт жыл бойы Еуропада ойнадым. Сол себепті бұл шақыруды қабыл алуға дайынмын деп ойлаймын. Бүгінгі күннен бастап, клуб үшін қолымнан келгеннің бәрін жасаймын»,- деді Неймар.

Бүгін футболшы журналистерге сұхбат береді, ал сенбі күні жанкүйерлермен кездеспек. Осы күні Неймардың «ПСЖ»-дағы алғашқы ойыны болады. Ол кезде клуб «Амьен» командасымен кездеседі. Сондай-ақ, «ПСЖ» Неймардың құрметіне Эйфель мұнарасының жанында салтанатты шара ұйымдастырмақ. Ол 5 жыл бұрын ұйымдастырылған Златан Ибрагимовичтің презентациясынан да үлкен шоу болады деп күтілуде.

Айта кетейік, француздық клуб Неймар үшін 222 миллион еуро төлеу арқылы тарихтағы ең қымбат трансферді жасады. Бұған дейін «Манчестер Юнайтед» клубының жартылай қорғаушы Поль Погба үшін берген 105 миллион еуросы ең қымбат трансфер саналып келген еді.