Астанада бір айда 63 тонна қоқыс жиналды

«Бір айдың ішінде Есіл өзені мен Ақбұлақ пен Сарыбұлақтан 63 тонна қоқыс жиналды. Оның жартысы балдыр, ал қалған жартысы темекі тұқылы, пакет, пластикалық бөтелкелер мен басқа да тұрмыстық қалдықтар», -деді «Есіл Астана» МКҚК директоры Қанат Алин.

Астана аумағында ең көп қоқыс Сарыбұлақта жиналады. Н.Тілендиев атындағы көше мен теміржол вокзалына дейінгі аралық ең көп ластанатын жер болып саналады. Елодада ыстық күндері су астындағы өсімдіктер көбейіп кетеді.

«Сарыбұлақтың ұзындығы 16 км. Есіл жағалауынан бастап Тілендиев көшесіне дейінгі аралықтың жиектері қоршалған. Алдағы уақытта Елордадағы барлық су жолдарының жағаларын жөндеп, түзеу жоспарда бар», — деді мекеме директоры.

Күн сайын 50 жұмысшы Астананың тазалығы үшін еңбек етеді. Сарыбұлаққа техниканың жеткізілуі қиын болғандықтан, жұмысшылар қолмен тазалауға мәжбүр.

«Астана күнінен кейін Есіл өзенінің жағасынан 2 тоннадан астам тұрмыстық қалдық жинадық. Осы орайда, қала тұрғындары мен қонақтарына біздің жұмысымызға құрметпен қараса дейміз», — деді Қ.Алин.