Батыс Қазақстан облысы Елордаға қандай сый дайындап жатыр?

Батыс Қазақстан облысының Астанадағы күндері аясында тұрғындар мен қонақтар  Жайық өңірі әртістерінің қойылымын, мұражай экспозицияларын көре алады.

Мәдени шаралар бағдарламасы бес күнге созылмақ. Облыстық қазақ драма театры «Троя арулары» спектаклін және Ф.Буляковтың «Қысқа ғұмыр» мұңды комедиясын қоймақ. Бұл қойылымдарды Қ.Қуанышбаев атындағы театрдан тамашалай аласыздар.

Елордадағы этноауылда облыстық тарихи-өлкетану музейі өз экспонаттарымен таныстырады. Ал қолөнер шеберлері мен суретшілердің көрмесі «ЭКСПО-2017 — әлем көрмесіне саяхат» деп аталады.

2 тамыз күні «Казмедиа» орталығында Орал қаласы өнер ұжымдарының концерті өтеді. Ал конгресс-холлда облыстық эстрадалық-симфониялық оркестрі концерт береді. Оған қоса этноауылда «Орал сазы» фольклорлық-этнографиялық ансамблі мен «Назерке» халық би ансамблі өз өнерлерін көрсетеді.

3-4 тамыз күндері Астана ипподромында көкпар, теңге ілу, аударыспақ, жамбы ату және басқа ұлттық спорт түрлері бойынша жарыстар өтеді.

4 тамыз күні ЭКСПО алаңындағы амфитеатрда Жайық өңірінің шығармашылық ұжымдарының үлкен концертінде әкелі-балалы әнші-композиторлар, Қазақстанның халық әртісі Ескендір Хасанғалиев, мәдениет саласының майталманы Біржан Хасанғалиев, «Әзіл әлемі» театрының директоры Тұрсынбек Қабатов және әнші Дәурен Сейтжанов өнер көрсететін болады.

ДереккөзInform.kz