Жайдарманшылар «Жастар» фестивалінің жеңімпазы атанды

«Шапалақ» КТК — Алматы облысының құрамасы. Топтың құрылғанына биыл бес жыл болды. Бес жыл ішінде топтың құрамы бірнеше рет ауысқан. Осы уақыт арасында көрсеткен нәтижелері де аз емес.

«Шапалақ» құрамасы 2016 жылы Алматы қаласында өткен бірінші лигада 2 рет финалға шығып, Павлодар облысы әкімінің кубогы Жайдарман ойынында І орын және Шығыс Қазақстан облысы әкімінің кубогы Жайдарман ойынында ІІІ орынды алған.

«Жалпы «Шапалақ» жайдарман тобының басқа құрамалардан басты ерекшелігі — кез келген ойында ән шырқамай, би билемей, тек саяси әзілдермен жеткізуінде. Оны халық та, әділ қазылар да жақсы түсініп, жоғары бағалап жүр. КТК ойындары әр түрлі аудан немесе қалаларда болғандықтан «Шапалақ» тобы сол жердің өзекті мәселелерін алға тарта отырып, халықты күлдірте біледі және бір ойналған әзілді екінші рет шығармайды», — дейді «Шапалақ» жайдарман тобының жетекшісі Әділбек Алтайұлы.