Қазақстандық жеңілатлеттер Азия чемпионатында сегіз медаль иеленді

Әйелдер арасында 200 метрге жүгірген отандасымыз Виктория Зябкина осы маусымдағы Азияның үздік нәтижені көрсетіп, алтын медаль жеңіп алды. Оның уақыт көрсеткіші – 23.10 секунд. Мәреге екінші болып Шри-Ланка спортшысы Румешика Кумари келді. Үздік үштікті тағы бір жерлесіміз Ольга Сафронова (23.47 сек) қорытындылады.

Сөйтіп, Виктория Зябкина 2017 жылғы Азия чемпионатының үш дүркін чемпионы атанды. Ол бұған дейін жекелей сында 100 метрге жүгіруден жеңіске жетсе, әріптестері Рима Кашафутдинова, Светлана Голендова, Ольга Сафроновамен бірге 4х100 метрге жүгіру бойынша командалық эстафетадан үшінші алтынды иеленді.

Айта кетейік, 8 шілде күні қазақстандық жеңіл атлеттер 100 метрге командалық эстафетаға жүгіруде сарықұрлықта өздеріне тең келер ешкім жоқ екенін дәлелдеген еді. Қазақстан Ұлттық құрамасының уақыт көрсеткіші – 43.53 секунд болды. Екінші орында Қытай қыздары (44.50) болса, үштікте Үндістан (44.57) құрамасы енді.

Төртінші алтынды үш қарғып секіруден Мария Овчинникова еншіледі. Ол Азия чемпионатын 13.72 метрмен қорытындылады. 18 жастағы жеңіл атлет 4-13 тамыз аралығында Лондонда өтетін әлем чемпионатына жолдама алды. Мариядан бөлек, дәл осы сайыстан тағы бір қазақстандық спортшы Ирина Эктова күміс медаль жеңіп алды. Ол 13.62 метрге секірген.

Азия чемпионатынан спринтер Ольга Сафроноваға екі медаль бұйырды. Ол 100 метрге жүгіруден (11.45 секунд) күміс, 200 метрде қола жүлде еншіледі.

Тағы бір қола медалді жарыстың екінші күнінде ядро лақтырудан Иван Иванов олжалаған болатын. Ол Иран мен Үндістан спортшыларын алға жіберіп, 19.41 метрге лақтырып, үшінші орынға қол жеткізді.  Осылайша, Бхубанешвардағы Азия чемпионатынан Қазақстан Ұлттық құрамасына жалпы саны сегіз медаль бұйырды. Сөйтіп, жалпы командалық есепте үшінші орынға жайғасты.

Көшбасында жарыс қожайыны Үндістан 29 медаль (12 алтын, 5 күміс, 12 қола) мен Қытай (8 алтын, 7 күміс, 5 қола) бар.

ДереккөзEgemen.kz

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да