ADIDAS компаниясы аталмыш футбол клубы үшін арнайы форма дайындаған. Ол көк және көгілдір түсті графикалық сурет бейнеленген ақ, сұрғылт-көк және қанық-сары үш түстен тұрады. Екі ойын жейдесінің төменгі бөлігінде қазақ мәдениетінің дәстүрлі элементі шаңырақ бейнесі бейнеленген.
«Астана» футбол клубының атқарушы директоры Қайсар Бекенов ойын формасы туралы өз жаңалығымен бөлісті.
«Бүгін баршамыз үшін айтулы күн – елордамыз Астананың туған күні! Клубымыздың барлық жанкүйерлерін бүгінгі мерекемен құттықтаймын! Дәл осындай айтулы мерекеде біз жаңа формада ойнайтын боламыз. «Астана» — УЕФА Чемпиондар Лигасында Қазақстан намысын қорғайтын еліміздегі жалғыз клуб болғандықтан, команда формасы ерекше болғанын қаладық. Шаңырақ – Қазақстанның символына айналған, ерекше графикалық элемент. Футбол сүйер қауым біздің ойын формамызды көргенде тек елімізде ғана емес, Еуропада да Қазақстандық команда екенімізді айқындап тұрса дейміз, – дейді.
Айта кетейік, алдағы бірнеше аптадан кейін жаңа ойын жейдесінің арнайы таныстырылымынан кейін жаңа ойын формасын сауда орындарынан сатып алуға болады. Сондай-ақ, ойын формасының тек ерлерге емес, кішкентай балалар мен әйел адамдарға арналған үлгісі де сатылымға шықпақ.