Қазақстанда алғаш рет үкіметтік емес ұйымдарға сыйақы беру үшін өтінімдерді қабылдау басталды

Сыйақылар жыл сайын әлеуметтік-маңызды жобаларды жүзеге асыруда айтарлықтай нәтижеге қол жеткізген үкіметтік емес ұйымдарына 15 номинация бойынша беріледі.

Атап айтқанда, алғашқы сыйақы келесі бағыттар бойынша тағайындалады:  білім беру, ғылым, ақпарат, дене шынықтыру және спорт саласындағы мақсаттарға қол жеткізу; азаматтардың денсаулығын сақтау, салауатты өмір салтын насихаттау; қоршаған ортаны қорғау; жастар саясаты мен балалар бастамаларын қолдау; демография проблемаларын шешу; гендерлік проблемаларды шешу және т.б.

Байқауға Қазақстан Республикасында тіркелген барлық үкіметтік емес ұйымдар мен қоғамдық бірлестіктер қатыса алады.

Бір үкіметтік емес ұйым сыйақыны алуға бір номинациядан артық ұсына алмайды. Сыйақыны алуға бір үкіметтік емес ұйымдарды қатарынан үш жыл ішінде қайта ұсынуға жол берілмейді.

Бір номинация бойынша сыйақы бір немесе бір мезгілде бірнеше үміткерге берілуі мүмкін. Бұл жағдайда сыйақы олардың арасында тең бөлінеді.

Еске сала кетейік, сыйақы ҮЕҰ қызметкерлері арасында таратылмайды, қаржы ұйымның жарғылық мақсаттарына, институционалды дамуына, қызметкерлердің біліктілігін арттыруға жұмсалады. Бір сыйақы көлемі екі мың бір айлық есептік көрсеткішті құрайды.

Сыйақыны алу үшін үкіметтік емес ұйымдарды ұсыну жөніндегі өтінімдер Дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің Азаматтық қоғам комитетіне жолданады.