ЭКСПО-2017 көрмесі туралы шетелдік БАҚ не жазып жатыр?

Америка, Forbes: Астана — көрмені өткізіп отырған таңғажайып қаланың бірі

Америкалық Forbes журналы елімізде өтіп жатқан халықаралық көрме туралы бірнеше мақала жариялады. Біріншісі «Астанада өтіп жатқан көрмеге барудың 5 себебі» деп аталады. Автор онда ЭКСПО көрмесіне бару арқылы қазақтың ұлттық салт-дәстүрімен танысып, әлемнің жасыл технология саласында жеткен жетістіктерін тамашалап қайтуға болатынын жазған. «Астана — көрмені өткізіп отырған таңғажайып қаланың бірі» деп баға берген автор қала тұрғындарының қонақжайлылығын ерекше атап өткен.

Осы журналда «EXPO 2017 — Қазақстанның әлемдік аренаға жасаған тағы бір қадамы» деген материал жарияланды. Журналист өз еңбегінде еліміздің ЭКСПО-ны өткізу арқылы баламалы қуат өндірудегі жаңа деңгейге көтерілетінін деп жазған.

Англия, Daily Mail: Астана көрмені өткізуге дайын

Англияда шығатын бұл басылым еліміздің ЭКСПО халықаралық көрмесіне өте жақсы дайындалғанымызды, шетелдік қонақтар үшін аудармашылардың сақадай сай дайын тұрғанын жазған. Басылым Қытай елінің көрмеге қатысуға бірінші болып келісім бергенін де ұмыт қалдырмаған. Сондай-ақ, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қытай павильонына екі рет барғанын да атап өтіпті.

Америка, CNN: Пост-кеңестік қаладан ғажайып Астанаға дейін

Америкалық CNN International Елордамызға «болашақтың ғажайыбы» деген баға берді. Сондай-ақ Астананың көркем ғимараттарын сипаттап, қаладағы әр нысанның анықтамасын да жазған.

«Болашақтың қаласы – ғарыштан қарағанда, Жер ғаламшарының кереметі іспетті көрінуі ғажап емес. Жергілікті халық өз атауымен атайтын нысандар да баршылық. Соңғы жылдары Қазақстан астанасы футуристік архитектураның да көркем үлгісін жасау үстінде» деп жазады басылым.

Қытай-Ресей: russian.china.org.cn: Қытайлық кәсіпорындарға мүмкіндік ашылды

«Астанада өтіп жатқан «ЭКСПО-2017» қытайлық үздік кәсіпорындарын таныстыруға мүмкіндік береді. Қытайда баламалы қуат көзін дамыту Батыс елдеріне қарағанда кештеу қолға алынғанымен, соңғы уақыттары энергетикалық технология саласында Еуропа мен Америкаға жетіп қалды. Қытайдың күннен қуат алатын батареялары әлемдік нарықта өз орнын ойып тұрып алды. «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі — жасыл энергияны бірлесе дамытуға жасалған платформа» деп жазды russian.china.org.cn

Қытай, CGTN: Біз көрмеде көрсетілетін дүниелерді жариялауды тоқтатпаймыз

Басылым Астанадағы ЭКСПО көрмесінің көптің назарын аударып жатқанын жазды. Әсіресе, оған болашақ тәуелсіз энергетиканы жасыл технологиямен байланыстырған елдердің қатты қызығушылық танытып отырғаны атап өтілген. Ал, павильондардың ортасында орналасқан «Нұр әлем» нысанын «Болашақ энергияның музейі» ретінде таныстырған.

«Біз көрмеде көрсетілетін дүниелерді жариялауды тоқтатпаймыз» деп жазды CGTN.

Түркия, TRT Haber: Түркияның тәжірибесі біз үшін маңызды

Көрме ашылған күні Түркия павильонының да салтанатты ашылу рәсімі өтті. Павильонның ашылуына  Астанадағы ЭКСПО Түркия комиссары Тарык Сөнмез, еліміздің инвестиция және даму министрі Жеңіс Қасымбек, Түркияның Астанадағы елшісі Невзат Уянык қатысты. Басылым осы туралы жазып, 800 мың түрік компаниясының Қазақстанда белсенді қызмет етіп жатқанын атап өткен. Мақала авторы сөз соңында көрменің ашылуына жоғары баға беріп, ерекше әсер қалдырғанын айтқан.

Беларусь, belta.by: Қонақтың саны Олимпиада мен футболдан әлем чемпионатына келетін туристермен пара-пар

Беларусьтық басылым ЭКСПО көрмесін Қазақстандағы соңғы жылдарда ұйымдастырылған ең ауқымды шараның бірі ретінде таныстырды. Бұндай іс-шараны тамашалайтын қонақтардың саны Олимпиада мен футболдан әлем чемпионатына келетін туристермен пара-пар екенін де атап көрсетті. «Көрменің ашылуына әлемнің барлық БАҚ өкілі келді. Жиырмаға жуық елдің президенті мен үкімет басшысы қатысты. Осыдан-ақ көрменің қаншалықты маңызды екенін түсінуге болады» деп жазды belta.by.

Украина, day.kyiv.ua: «Астана EXPO-2017» халықаралық көрмесінің мүмкіндігін пайдаланамыз

Басылым материалында ЭКСПО көрмесі туралы тұлғалардың пікірлерін жазған. Мысалы, сауда-өндірістік палатасының вице-президенті Сергей Свистиль көрме туралы төмендегідей ойын айтыпты:

«Украинаға инвестиция тарту, сондай-ақ соңғы үлгідегі технологияны әкелу үшін «Астана EXPO-2017» халықаралық көрмесінің мүмкіндігін пайдаланамыз. Украинадан көрмеге 100-ден аса кәсіпорын қатысады. Біздің мақсатымыз – еліміздегі өндіріс деңгейін көтеру үшін көрме барысында өзге елдермен байланыс орнату. Инвестиция тарту үшін бизнес-форум ұйымдастыратын боламыз»,- деді ол.

Түрікменстан, turkmenistan.gov.tm: Көрмеге «Болашақ энергиясы» тақырыбын таңдауы халықаралық қауымдастықтың назарын аударады

«Түркіменстанның президенті Гурбангулы Бердімұxамедов EXPO-2017 халықаралық көрмесіне қатысып, Қазақстанды осындай жаһандық шараны өткізіп жатқанымызбен құттықтады. Ол өз сөзінде елдің мұндай халықаралық көрмеге қатысуы, өзге елдермен байланыс орнатуға үлкен мүмкіндік ашатынын атап өтті. Көрмеге «Болашақ энергиясы» тақырыбын таңдауы халықаралық қауымдастықтың назарын энерготұтыну, энергоқауіпсіздігін қамтамасыз ету, қуатты үнемдеу мәселесіне аударады. Президент бұл мәселенің шешілуі аймақтағы геополитикалық жағдайдың тұрақты болуын септесетініне тоқталды» деп жазды басылым.

Әзірбайжан, AzTV мемлекеттік телеарнасы: Келесі EXPO-2025 халықаралық көрмесін өткізуге Әзірбайжан да үміткер

Бұл телеарна ЭКСПО көрмесіне айрықша мән берген. Елордаға жіберілген арнайы тілшісі бірқатар сюжеттер дайындаған. Оған сәйкес EXPO-2017 мамандандырылған көрмесінің әлемнің экономикалық дамыған жетекші елдерінен кейін Қазақстанда өтуі энергетика саласындағы ынтымақтастықтың ары қарай дамып, қатысушы елдерде жүзеге асырылған жаңа технологиялардың алмасуына мүмкіндік беретіні, келесі EXPO-2025 халықаралық көрмесін өткізуге Ресей, Франция және Жапониямен қатар Әзірбайжанның да үміткер екендігі баса айтылды.

Түйін:

Көрмеге қатысып жатқан жүзден астам елдің баспасөз құралы «Астана ЭКСПО-2017» көрмесі туралы жазды. Сынға қарағанда сараптама басым. Осы материалдар арқылы «Болашақтың энергиясы» тақырыбы көпшіліктің көкейінде жүргені белгілі болды. Ең бастысы, еліміз сын сағатта жол тауып, бүкіл әлем алдында абыройлы, мәртебелі іс атқарып жатқандығы атап өтілді. Бұл сан ғасырдан бері Ұлы даланы мекендеген қазақ елінің тарихқа тастай таңбаланып қалатын ұлы ісінің бірі.

Елдос Өмірзақұлы

ДереккөзJasqazaq.kz