2015 жылдың қазан айында экс-депутат, «Ақжол» партиясының жетекшісі Азат Перуашев мәжілістің жалпы отырысында премьер-министр Кәрім Мәсімовке «Әлихан Бөкейханның 150 жылдығын лайықты деңгейде өткізуіміз керек» деген тақырыпта депутаттық сауал жолдаған еді.
Партия төрағасының сауалына Үкіметтен мынадай жауап келген:
– Аса көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдығы 2016 жылы республикалық деңгейде кеңінен атап өтіледі. Қазіргі уақытта қаржы-экономикалық ахуалға және бюджеттің қысқартылуына байланысты 2016 жылғы мерейтойлық іс-шараларды өткізуге арналған мақсатты қаржы қаражаты көзделмеген. Осыған байланысты, мерейтойлық іс-шаралар мемлекеттік органдардың ағымдағы жұмысы шеңберінде және бюджеттен тыс қаражатты тарту есебінен өткізілетін болады. Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдық мерейтойын мерекелеу жөніндегі мемлекеттік комиссия құру мәселесі бойынша арнайы комиссия құрудың орынсыз екенін хабарлаймыз. Әлихан Бөкейхановтың есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында мемлекеттік органдарға тарихи тұлғаның мерейтойы құрметіне БАҚ-тарда кеңінен жариялай отырып, ғылыми-тәжірибелік конференциялар, мәдени-көпшілік және басқа да әлеуметтік маңызды іс-шаралар өткізуге тапсырма берілді.