Қазақстанда бизнес ашу жолдары қалай жеңілдетілді?

Мұндай нәтижелерге ҚР Әділет министрлігі жүргізген өзгерістердің нәтижесінде қол жеткізілген. Атап айтқар болсақ, кәсіпорынды тіркеу уақыты бірнеше күннен бірнеше минутқа қысқартылып, кез-келген категориядағы бизнес ашу жолдары жеңілдетілді.

«Бүгінде тек тіркеу уақыты қысқарып қана қойған жоқ. Жарғылық капитал туралы талап жойылды. Кәсіпорындар мөртабансыз, электронды цифрлық қолтаңбамен жұмыс жасай бастады. Сондай-ақ салықтық рәсімдеу тұрғысын да жеңілдіктер жасалды. Мәселен, кәсіпкерлер қосымша құн салығын электронды түрде тіркей алады. Бұрын оған 5 күн кетсе, енді 1 күнде қол жеткізе алады», — деді қалалық Әділет департаментінің заңды тұлғаларды тіркеу бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ақерке Қожахметова.

Айта кету керек, бұл норма «Салық және өзге де міндетті бюджет салымдары туралы» Кодекске енді. Бұл өзгерістер келесі жылдан бастап күшіне енеді.

«Сондай-ақ «Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және өкілдіктер мен бөлімшелерді есепті тіркеу» туралы Заңның 6-бабына да өзгеріс енді. Енді кезекте E-gov.kz порталы арқылы сақтандыру туралы келісімге келіп, электронды шот ашу мүмкін болмақ», — деп толықтырды А. Қожахметова.

Айта кету керек, жүргізілген мониторинг нәтижелеріне сәйкес,  жеке кәсіпкерлердің 93 пайызы онлайн-режімде тіркелген.

ДереккөзInform.kz