Ресми түрде тіркелген таксилер автобус жолағымен жүре алады

Қазіргі таңда Астана қаласының жолаушылар көлігі басқармасы 14 таксомоторлық компаниямен шарт жасасқан. Мұндай бастаманың қолға алынуы қызмет көрсету сапасын жақсарту және заңсыз тасымалды тыюды көздейді.

«Астана LRT» ЖШС жолаушылар көлігі бөлімінің маманы Абдыхамит Тамабаевтың айтуынша, заңды компаниялардың көліктері автобус жолағымен жүруге құқылы.

«Бізбен келісім жасағанда әрбір көліктің басына куәлік беріледі. Тізімге енгізіліп, көліктердің нөмірі Астана қаласының әкімшілік полиция басқармасына беріледі. Яғни оларда әрбір заңды таксидің нөмірі болады»,- дейді Абдыхамит Тамабаев.

Ал ресми тіркеуі жоқ көліктердің жолағына шығып, құқық бұзушылық жасағаны үшін 5 АЕК мөлшерінде 11 345 теңге айыппұл салынады. Астана қаласы ІІД әкімшілік полиция басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Уваевтың айтуынша, қазір Астанада 3000 бейнебақылау камерасы орнатылып жатыр. Олар көлік жылдамдығын асырған және автобус жолағы арқылы жүрген жеке көлік иелерінің құқық бұзушылығын тіркеп отырады. Соған байланысты айыппұл салынады.

ДереккөзAstanatv.kz