Еліміздегі жемқорлық жайлаған министрліктер мен облыстар анықталды

ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаевтың айтуынша, сыбайлас жемқорлық фактілері бойынша сотталғандардың 70 пайызы атқарушы билік органдарында қызмет еткен. 2001 жылдан бері жемқорлық қылмыстардан келген материалдық шығын 240 миллиард теңгеден асты.

Орталық атқарушы органдардың ішінде сотталғандардың саны бойынша Ішкі істер, Қаржы, Әділет, Қорғаныс, Ауыл шаруашылығы министрліктері көш басында тұр.

«2016 жылы ішкі істер органдарының қызметкерлеріне қатысты тіркелген 398 фактінің елу пайызға жуығы жергілікті полиция қызметімен байланысты. Осы салада жемқорлықпен күрес бойынша жоспар әзірлеп, іске асыратын қажеттілік туындап отыр», — деді Шпекбаев.

Оның айтуынша, Қаржы министрлігінде сотталғандардың 86 пайызы — кедендік, салық, экономикалық тергеу саласының қызметкерлері. Ал жергілікті атқарушы органдар ішінде білім беру ұйымдары, әкімдердің аппараты, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық, мәдениет және тілдерді дамыту салалары ең жемқор болып отыр.

Өңірлер арасында рейтингті Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Қарағанды және Жамбыл облыстары бастап тұр.

ДереккөзSputniknews.kz