Заң жобасында 2017 жылғы 1 шілдеден бастап зейнетақылардың мөлшерін 2016 жылғы деңгейден 20%-ға дейін арттыру қарастырылған.
Республикалық бюджеттен төленетін зейнетақылар мөлшері 2017-2018 жылдар аралығында біртіндеп көтерілетін болады.
Ынтымақты зейнетақы жыл басынан 9%-ға көтерілгенін ескере отырып, тағы 11%-ға артатын болады. Базалық зейнетақы жыл басынан 7%-ға көтерілгенін ескере отырып, тағы 13%-ға артады. Бұл өсім барлық зейнеткерлерді немесе 2 миллионнан астам адамды қамтиды.
2017 жылғы 1 шілдеден бастап бала туғанда берілетін біржолғы жәрдемақының мөлшерін 20%-ға өсіру қарастырылған.
Жұмыс берушінің 5% міндетті зейнетақы жарна төлеуін енгізу қарастырылған мерзімді 2018 жылдан 2020 жылға ауыстыру көзделген.
Зейнетақылар мен аталған жәрдемақы түрін ұлғайтуға республикалық бюджеттен 81,6 млрд теңге қарастырылған. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметі мәлім етті.
Айта кетейік, заң жобасы Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты 2017 жылғы 31 қаңтардағы Қазақстан халқына Жолдауын жүзеге асыру мақсатында әзірленді.