Жер туралы мәселеге risk assessment

Жер — триггер.

Триггер деген «шүріппе» немесе ежелден қалғанды еске түсіретін нәрсе.

Риск менеджмент саласында жасаған 5 жыл тәжірибеме сүйене отырып, біздің елімізде болып жатқан жер мәселесіне қатысты аз-кем сараптама жасап көруге бел будым. Риск менеджмент ең бірінші — «тәуекелді бағалау» (Risk assesment) дегеннен бастау алады. Ол дегеніміз — жағдайды бағалау, анализдеу. Өте қымбат (costly), уақытты алатын (time consuming) және жүйкені тоздыратын (complex) жұмыс.

Тәуекелді бағалау негізі күрделі мәселелер мұрынның ұшына келгенде емес, алдын-ала, мәселені мұрынның ұшына жеткізбеу үшін жасалады. Бірақ 2006 жылдан бері ақпарат айдынындағы мәселелерге жіті қанық адам ретінде мемлекет тарапынан риск менеджмент талаптарына сай әрекет байқамадым. Анық көзге көрінетіні — өрт сөндіруші деңгейінде жұмыс жасалуда. Қазақы жалпақ сөзбен айтқанда «Той біткен соң даңғыра». Ол, әрине, той болса жақсы ғой. Бізде той емес, садақа болып тұр… Сондықтан «тыныштық пен бейбітшілік болсыншы» деп отырамыз. Себебі, даму да, алға ұмтылу да, өрлеу де, барлығы тыныштықта дамиды. Өйткені, кез-келген нәрсенің логикалық шегі бар. Біз де сол межеде тұрмыз.

Сонымен… Сонымен риск бағалау жасамай-ақ өздігінен анықталды. Яғни – бүгінгі күн тәртібіндегі мәселе. Ол — жер. Билік риск менеджмент шарттарын енді жасап жатыр. Риск менеджмент шарасы, әдетте, қабылдауға келмейтін (not acceptable) рискке жасалады. “Қабылдауға келмейтін риск?” деген не? Ол — 21 мамырға деп белгіленген митинг. Өйткені, жүйе үшін қабылдауға келмейтін қауіп төне бастады. Ал ол, жүйе,  қабылдауға келмейтін рискті болдырмауға (risk avoidance) тырысады. Сөйтеді де триггерлерді яғни шүріппелерді “сындыра” (risk mitigation) бастайды. Бұл процесті «дұрыс» деп те, «дұрыс емес» деп те қабылдауға болмайды. Бұны факт ретінде салқынқанды қабылдау керек. Себебі, қазіргі билікке оппозиция боп келген билік ел тізгінін қолға ұстаса да дәл солай жасайды. Өзін-өзі қорғау инстинкті. Осы процестермен қатар митингті болдырмау, рискті азайту, билікке қарсы келу процестерін саябырсыту (risk decrease) үшін барын салады. Бұл – риск менеджмент классикасы! Ол не деген сөз? Ол — Заңға мораторий жариялау, жаңа министрлік құру, түсіндіру жұмыстарын жүргізу, ел ішіне консультациялық топ шығару, жер заңы туралы сайт ашу, мәмілеге келу үшін комиссия құру, тағысын тағы.

Осы жерде билік, риск менеджмент тұрғысынан қарағанда, жаңсақ жүріс жасап отырған сияқты. Ол риск менеджмент заңдылығы бойынша рискті бөлісу (share risk). Өйткені, жалғыз өзі оны қабылдауға (risk acceptance) оның қауқары жетпей тұрғанын біраз байқалып қалды. Ал оны кіммен бөліседі? Әрине, осы заңмен тікелей жұмыс жасайтын топтармен. Агро шаруашылық үшін жер алып отырған шаруалармен, агробизнес өкілдерімен және тағы сол сияқты бұл құжат тікелей әсер ететін топтармен (business stakeholder entity) бөлісе алады. Ақыры өкімет солардың жағдайын ойлап осы қадамға барып отырғандықтан, олар да бұл ситуацияға тікелей және жаппай араласуы керек. Бұл — менің талабым емес, бұл — менеджменттің талабы. Яғни еш эмоциясыз, жансыз, соқыр экономиканың заңы. Себебі, халық деп аталатын келесі бір stakeholder жер туралы құжатты өздерінің талаптарына сай жасатып алса, «Менің үйім анооооу жақта орналасқан» деп отырған олар ойыннан яғни жермен жасайтын шаруасынан айрылып қалатын болады.

Бұл жердегі басты уайым – митинг болып отыр. Өз басым митингті қолдамаймын. Кім митингке шыққысы келеді, ол өз шаруасы. Ал мен оған қарсымын. Себебі, менің ұстанған бағытыма ол жатпайды. Өйткені, білімге сүйенген, мәселені байыппен шешкенді қолдайтын адаммын. Асылы, XXІ ғасыр көшеге шығатын заман емес. Әркім өз басымен жақсылап достасатын заман.

Бірақ… Бірағы сол, риск менеджмент тұрғысынан билік бұл рискке құлақ аспаған (Retain risk) кейіп танытты. Retain risk деп аталатын осынау процесс республиканың барлық аймағында көтеріліске шығуға алып келді де жоғарғы билікте қозғалыс пайда бола бастады. Өйткені, тіпті риск менеджменттің өзінде retain risk деген сөзді қазақ билігі үшін «Көтере алмайтын шоқпарды беліңе байлама» деп аударуға болады.

Сонымен?

Сонымен мемлекеттік риск менеджмент жұмыс істеп бастаған сыңайлы (risk treatment). Ал бұл процесс кезінде қабылдауға келмейтін (unacceptable risks) рисктерді басты қаперге алу керек. Олар:

  • жаппай митинг,
  • билік вертикалына төте шабуыл,
  • Елбасыға саботаж (?),
  • сондай-ақ бұқара халық тарапынан қабылдануы қиын басқа шешімдер (Мыс: құны 79 млрд теңге тұратын Пантеон салу жобасы)

Сондай-ақ кез-келген тәуекелді азайту (risk mitigation) жұмысы ақшасыз болмайды. Ал бұл — бюджет. Қызықты қараңыздар. Әу баста «Елге ақша түседі, бюджетті қампайтамыз» деп бастаған істің ақыры айналып келіп өзіне бюджет қажеттілігі туындады. Өйткені, тәуекелді азайту (risk mitigation) үшін қосымша бюджет (ел бюджетінен басқа, әрине) керек. Не үшін? Тәуекелді болдырмау үшін. Ал оны қалай болдырмауға болады? Оны халыққа (the main stakeholder) жағатын әрекеттер жасау арқылы болдырмауға болады. Мысалы, қолдан қымбатшылық жасалып отырған үй бағасын арзандату, бағасы ретсіз қымбаттап кеткен шикі де піскен заттарды халық жағдайы келетін құнға түсіру (азық-түлік, су, тоқ, май, газ, бензин, мұнай, уран, көмір, темір, мыс, күміс, алтын, т.с.с.) немесе жағдайы жоқтарға пәтерлерді кезектен тыс және республика көлемінде жүйелі түрде тарату және нәтижесін ай сайын беріп отыру. Бұл «дәл осылай болуы керек» деген сөз емес, жәй ғана мысал ретінде ұсыныстар.

Өте жоғары деңгейде (high level) және толық ақпаратсыз (lack of information) жасалған анализ
Өте жоғары деңгейде (high level) және толық ақпаратсыз (lack of information) жасалған анализ

Әдетте тәуекелді азайту (risk mitigation) мына қадамдардан тұрады:

  • Жаңа бағыт-бағдар (Defining new rules) — ендігі қадам қандай болатынын жоспарлар (plans), ережелер (policies), әрекеттер мен қадамдар (procedures), нұсқаулықтар (instructions) арқылы құжаттау (documenting). Сондай-ақ, ақша табудың (монетизация) басқа да жолдарын қарастыру. Осы жерден мен ICТ, яғни ақпараттық коммуникациялық технологиялар мен био және нанотехнологияға бет бұруды айтар едім. Алайда, бізге инвестициясы қымбатқа шығатын, ал өнімі бірнеше жылдан кейін ғана көрінетін пайда көзі емес, дәл қазір, дәл осы жерде ақша болатын ресурс керек. Біздің өкімет “жер” дейді. Алайда біз қазір сол жердің дауын талқылап отырмыз. Демек оны қаперге алмаймыз. Ендеше, жерден басқа дәл қазір монетизацияға айналдыра алатын неміз бар? Соны ойластыру керек. Бәлкім жәй ғана ел бюджетіне оптимизация жасап, үнемге кірісу керек шығар? Бәлкім бүкіл қазақстандықтар жаппай бір технологиялар ойлап тауып патенттеп, шет елдерге интеллектуалдық қабілетімізді сату керек шығар? Бұл енді өте-мөте жоғары деңгейде шешілетін нәрселер.
  • Жаңа технология енгізу (Implementing new technology): билік өзінің кем-кетігін жөндеп бастау (backup systems), ел бұдан бөлек басқа да дағдарыстарға тап болғанда жасалуы керек қауіпсіздік шаралары (disaster recovery).
  • Организациялық құрылымды өзгерту (Changing the organizational structure). Бұл бізде аз-маз жасалды. Ауыл шаруашылық та, Экономика министрі де орнынан кетті. Ал риск менеджмент жасау Б.Сағынтаевқа жүктелді. Оның қаншалықты риск менеджер екенін уақыт көрсетеді.

Осы айтылғандарға қарап түсінгенім, risk mitigation жасалуда, алайда оның тек соңғы, үшінші бөлігін ғана көзіміз көріп отыр. Алдыңғы екі қадамның шешімін «Жер комиссиясы» тарапынан күтеміз. Себебі, кез-келген мәмілеге диалог арқылы келуге болады. Ал ызаланып кетіп билікті бүгін төңкеріп тастау — 25 жыл қордаланған мәселелер мен проблемалардың аяқ астынан шешіп тастамайды. Анау қырық жамау, жертөлесі шіріген, едені қирап, потологы түсіп жатқан үйге косметикалық ремонт жасағанмен бірдей. Өйткені, мемлекет деген алдынан кедергі шықса шалт бұрыла жөнелетін катамаран емес. Ол — алдынан шыққан айсбергті көрсе де бұрыла алмай соқтығысқан Титаниктен бетер алып құрылым. Ол құрылымның ішінде сіз бен біз бармыз. Кемеміз бір. Сондықтан да кез-келген мәселені жақ-жақ, жік-жік болып айқай-шумен емес, бірлесе отырып шешу керекпіз. Ең, қызығы мен шыжығы сол, бұл бізде домино эффектісін тудыруда. Оған себеп, менің ойымша — 25 жылғы қордаланған, кей жерде менеджмент тарапынан кетіп қалған олқылықтар. Сол себепті, өткенде Президент «Жер туралы заңға» мораторий жариялаған күнді Қазақстан тарихындағы жаңа бір кезең (milestone) деп қабылдау керек. Енді бұдан былай кез-келген істерінде ақылға қонымды жұмыстар істемесе, бұл үдеріс енді тоқтамайды-ау деген қаупім бар.

Ал өз тарапымнан бұдан да нақты бірдеңе айту үшін, жоғарыда айтылғандай көптеген сұрақтарға жауап алу керек. Толық анализ жасамай, жермен айналыспай, тап басып бірдеңе деу қиын. Ол менің компетенциямнан тыс. Тілегім жалғыз — «Елімізге бір Алла жар болсын!».

Тимур Бектұр. ҚР Журналистер Одағының мүшесі. ІТ маман.