— Айдар, алдымен сол Әлем чемпионатына бармас бұрын, команда жайлы айтып өтсеңіз. Владимир Фомичев баптаған Қазақстан жастар құрамасының сол шақта қандай ерекшелігі болды? Әйтпесе, қаншама толқын құрамаларымыз, бұл жетістікті қайталай алмай жүр емес пе?
— Әрине, әр команданың өз ерекшелігі болады. Ішкі микроклиматы орын алады. Бізде, сол кезде айрандай ұйыған, үйлескен тамаша ұжым құрылды. Жігіттердің барлығы тәртіпке бағынған, әрі талантты футболшылар болатын. Владимир Фомичев өзінің мықты бапкер екендігін көрсеткісі келді. Бапкер ақылын алып, оның қойған тактикасын бұлжытпай орындауға тырысатынбыз. Тактикалық дисциплина дегеніміз сол шығар. Барлығы жай ғана іріктеу кезеңінен басталды. Біз қарсылас біткеннің барлығын жеңе бердік. Бапкер де талапты түсірмей, сол қалыппен одан әрі жұмыс жасатқыза берді. Азия чемпионатына бардық. Ол жақта жартылай финалда күтпеген жерден Оңтүстік Кореяға жеңіліп қалдық. Негізі сол матчты 2:0 есебімен жеңіп тұрған болатынбыз. Сөйтіп, сары құрлықтан төртінші орынмен елге оралдық. Негізі, бізге сол кезде ешкім ешқандай мақсат қоймаған болатын. Елдегі футбол функционерлерінің өзі сенбеген еді. Күтпеген жерден, осылайша жоғарғы нәтиже көрсеттік. Финалдық кезеңде топтан екінші орын алып шыққан кезде біз Әлем чемпионатына жолдама алып қойған болатынбыз. Одан кейін, босаңсып кеттік қой деймін. Әйтпесе, негізі сол жарысты түгелдей жеңетіндей шамамыз болған еді. Осы күні сол ойындарды еске алсам неше түрлі ой келеді.
— Сол құраманы баптаған Влаимир Фомичев жайлы айта өтсеңіз. Ол кісінің бапкерлік қызметтегі ерекшелігі неде?
— Басында қарапайым, кәдімгі көптеген бапкерлер секілді көрінетін. Кейін біз Шри-Ланка елінде өткен іріктеу тірнирінде жеңіске жеткен шақта ол кісі толық ашыла бастады. Бізбен бір жетістікке жетуге болатынын сезген де шығар. Ол кісінің басты ерекшелігі деп мен ең алдымен командаға бірлік алып келгенін айтар едім. Біздің барлығымызды дос қылды. Бірлік арқылы көп нәрсе шешілетінін үйретті. Алаңда да, ойыннан тыс та біз жұмылған жұдырықтай болдық. Ол кісі бірлік болса үлкен жетістікке жетеміз деп көп қайталайтын. Соны санамызға сіңдіріп жіберді. Сонымен қатар, Фомичев психолог болатын. Жас футболшыларға көп нәрсе берді деп ойлаймын. Біз әлі футболшы болып қалыптаспаған кезіміз ғой. Сондай шақта Фомичев секілді мықты тәжірибиелі маманның қолына түскеніміз, кейін ойласам жақсы болған екен. Фомичевтің сол кездегі еңбегі көптеген менің командаластарыма үлкен футболда серпіліс болды. Содан кейін, біздің лектің жігіттері мықты футболшы болып өсті. Жаттығулардың неше түрін ойлап табатын сол кезде. Көптеген адамдар түсінбей жүрді. Кейіннен өзім еуропалық бапкерлердің қол астында жаттықтым. Осы күні бапкерлік қызметте жүріп өзім де сол әдістемелерді қолданамын. Сонда Фомичев осы жаттығулар түбі Қазақстан футболына келетінін білген екен. Бірнеше жылға озық ойлаған екен. Оны өз басым кейін барып түсіндім.
— Ал, негізі өзіңіз кезінде «Намыс» командасында болдыңыз ғой. Кілең қазақтар ойнаған командада.
— Мен негізі футболды Талдықорғанда бастадым. Магай деген бапкердің қол астында жаттықтым. Алғашқы бапкерім сол кісі болатын. Кейін сегізінші сынып оқып жүрген кезімде жаңадан ашылатын «Намыс» деген командаға жас балаларды іріктеу жүріп жатқанын естіп, қатысып көрдім. Бапкерлер мені таңдап, командаға алатын болды. Сонда көптеген жігіттермен таныстым. Одан кейін барып, алматының «Қайратына» алындым. Ол кезде «Қайраттың» өзі екіге бөлінген болатын. Мен, Диас Камелов секілді бірге жаттыққан жігіттер көбіміз, Владимир Никитенко мен Юрий Коньков баптайтын «Қайратқа» ауыстық. Содан кейін кәдімгі кәсіпқой деңгейдегі ойыным басталды десем болады.
— Футболдан ешқандай өкініш қалмады ма?
— Жоқ. Ешқандай өкініш жоқ. Дмитрий Огай бастаған «Ертісте» тамаша маусымдар өткіздім. Одан кейін Арно Пайперс жаттықтырған «Жеңісте» жақсы жетістікке жеттім. Әлем чемпионатында өнер көрсеттім. Сондықтан, футболға ешқандай өкпем жоқ. Футболдағы мансабымды аяқтап, бапкерлік қызметке бірден кірісіп кеттім.
— Осы жақында Астана қаласына қоныс аударыпсыз. Мұнда бапкерлік қызметті одан әрі жалғастырасыз ба?
— Иә, адам деген үнемі ізденіс үстінде болуы керек. Бапкерлікті қолға алған соң, мол білім керек. Түрлі семинарларға қатысып, оқуымды одан әрі жетілдірмекпін. Елордадан бір қызмет бұйырып та қалар. Мұнда футболға жаны ашитын азаматтар өте көп екенін байқадым. Әрі достарым да баршылық. Бұрын құрамада ойнаған футболшыларды да тауып жатырмын. Сондықтан да, жақын арада бір жаңалық болып қалар деп күтемін.
— Әңгімеңізге рахмет!
Ермұхамед МӘУЛЕН
суреттер sports.kz, kaz-football.kz, uefa.com сайттарынан алынды