Жазғы маусымда сұраныстың артуына байланысты Қазақстандағы туристік бағыттарға қосымша 15 пойыз іске қосылады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Көлік министрі Нұрлан Сауранбаевтың айтуынша, қосымша пойыздардың басым бөлігі демалушылар көп баратын Алакөл көлі жағалауына бағытталады. Жалпы 15 бағыттың 10-ы Алакөлге қатынайтын болады.
Қосымша пойыздар келесі бағыттар бойынша жүреді:
- Астана – Достық;
- Алматы – Достық;
- Семей – Достық;
- Өскемен – Достық;
- Қарағанды – Балқаш;
- Алматы – Семей;
- Ақтөбе – Астана;
- Нұрлы жол – Шымкент.
Сонымен қатар жолаушылар ағынының көбеюіне байланысты пойыз құрамдарының ұзындығы да ұлғайтылады.
Пойыздар құрамының ұзындығы орта есеппен 13 вагоннан 18 вагонға дейін көбейеді, – деді министр үкімет отырысында.
Көлік министрлігінің мәліметінше, бұл шаралар жазғы демалыс кезеңінде туристік бағыттардағы билет тапшылығын азайтуға және жолаушыларға қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
