Басты бетБастыПән олимпиадасы...

Пән олимпиадасы ма, пара беру олимпиадасы ма?

Білім бәйгесіндегі осындай келеңсіздіктер туралы қалам тербегендердің сөзінше, бұл іске қатысты бас қатырып, алаңдаушылық білдіріп жататындар шамалы. Ал пән жарысына қатысып, бағын сынамақ болғандардың айтуынша, олимпиада – жақсы оқитын баланың білімін саралау емес, кересінше, жүректі жаралау. Бұл сөздің астарынан білім жүйесіндегі былықтың бір ұшы көрінетіндей. Дейтіндей емес-ау, мұны аудандық, қалалық және облыстық пән олимпиадаларына қатысып, сағы сынған талай оқушы сөзінен естіген де едік. Жалпы, жарыстарға қатысып көргендердің басым бөлігі пән олимпиадасында кездесетін жайттарды ашып айтпаса да, олардың сөз желісінен көзбояушылықтың көбірек орын алып жататындығын аңғарасың. Санада сан түрлі ой…

Олимпиададағы әділетсіздік туралы бұрынырақта да жаздық. Сол кездері айтылған дүниелер әлі де қайталанып, алдыңнан шыға беретініне қарағанда баяғы жартас – сол жартас қалпы ма дейсің. Олимпиадада орынның сатылатындығы туралы сөз ел ішінде әлі де желдей есіп жүр. Соңғы жылдарда тіптен өршіп баратындай. Сондай-ақ, жұрт арасында халықаралық пән жарыстарының қаншаға бағаланатыны туралы да әңгімелер жиі өрбиді. Бір сөзбен айтқанда, бұл – біздің елде бәрі ақшамен өлшенеді дегенге әкеп тірейтіндей?!

Мектепті осыдан он жыл бұрын бітірген әріптесімнің пән олимпиадаларында көзбояушылық көбірек орын алады деген пікірін бүгінгі мектеп оқушыларының аузынан жиі естисің. Ал осы бір көзбояушылық дегенді өзіміз қолдап бала санасына сіңіріп жатқанымыз өкінішті-ақ… Ұзынқұлақтан естуімізше, олимпиадада алатын орынның жыл сайынғы бағасы өсіп отырады. Мәселен, өткен жылғы аудандық пән олимпиадасындағы үшінші орынның құны 5 мың теңге болса, ал екінші орын екі есеге еселенеді. Бір қызығы, бірінші орын сатылмайды, тіпті көбі атбасын ала қашады екен. Неге десеңіз, бірінші орынды алған соң артынша облыстық олимпиадаға қатысуың керек. Осы орынға келгенде арада қызу талқы басталады екен. Аяғында облысқа баруға кімнің шамасы жетеді орын да соған беріледі. Ал облысқа шығу үшін қалтаң да қомақты болуы қажет… «Жел тұрмаса, шөптің басы қозғалмас» демекші, облыстағы пән олимпиадасынан орын алу үшін берілетін ақша 100 мыңның төңірегінде болып отыр. Естіген құлақта жазық жоқ. Осы мәселенің бір бұрышынан орындардың не үшін сатылатындығы туралы да ой ұшқыны жылтыңдайды. Бұл – мұғалімнің категориясы үшін аса қажет. Бес жылда бір қорғалуы тиісті категория үшін жеткен жетістік көрсетілуі керек. Ал енді жоғарғы санатты мұғалім болсаңыз, сіздің оқушыңыз міндетті түрде облыстық, республикалық жарыстарға қатыстырылып, белгілі бір орынды алуы тиіс. Сол үшін олимпиадаларда осындай қызу тартыс орын алады. Енді, ой түйе беруіңізге болады… Қысқасы, мектеп мұғалімдері өзінің категориясын көтеруде талай былыққа батып жүр.

Осыдан алты жыл бұрын жақын ауылда тұратын таныс мұғалім мектепті бітіргелі отырған оқушының республикалық пән олимпиадасына қатысып, үшінші орынды 5 мың долларға сатып алғандығын, сөйтіп жоғары оқу орнына грантқа түскенін айтқан-тын.  Ел ішінде өріп жүрген, өз құлағыңмен естіп білген мұндай оқиғаларды тізіп айта берсек, жіптің ұшын таба алмай қаларыңыз анық.

Пән олимпиадасындағы әділетсіздікке қатысты оқушыларға «Әділетсіздік неге өршіп барады» деген сауал қойғанымызда, олар: «Өйткені бұл – Қазақстан ғой» деп жауап қатты. Жеткіншектерден осындай сөзді естиміз деп кім ойлаған? Осыдан соң әділдікті ту етіп көтерудің мәнісі бар ма?! Осы тұста сана түкпірінде «әділдікті ту еткен әділқазылар қайда қарап отыр екен?» деген ой да қылау берді. Бұған қатысты тағы бір ой қаузасам, мәселе тіптен өршіп кете ме дейсің? Дей тұрғанмен… бұл да сол шым-шытырманға толы. Аудандық олимпиадаға әділқазылық ететін бір мұғалімнің ағынан жарыла айтқан сөзі әлі де жадымда. Оның сөзінше, әділқазы болатындар міндетті түрде бір орынды өздері үшін белгілеп қояды. Содан кейін ғана өзге орындар белгіленеді. Тиесілі орынды алып алған соң бір уақыт «әділдік қақпасын» ашатын көрінеді. Ал кейде берілетін орынға орай арнайы белгіленген тізім келеді екен. Онда, мына балаға бірінші орын, себебі ол ауыл әкімінің туысы, тағы бірі директордың танысы болып шығады, оған екінші орын … осылай ұзынсонар тізім жалғаса береді. Осыдан соң әділқазылардан қандай әділдік күте аласыз?! Өз сөзінде сол мұғалім әділдіктің аяққа тапталып қалып жатқандығы үшін қапалы екенін балалар алдында ұялатынын да айтып кейіген-тін. Одан бері бірталай жыл өтті. Бірақ, әділетсіздіктің тамыры тереңге бойлап кеткен сыңайлы… Өткен жылы облыстық пән олимпиадасына әділқазы болған келіншек ауылдағы бір мұғалімге балаңды өткізіп берейін депті. Артынша орынның бағасын да айтқан. Сенсеңіз де, сенбесеңіз де сол, белгіленген үшінші орын құны 500 долларға бағаланған. Теңгеге шақсаңыз 90 мың. Ал жоғары категорияға ілігу үшін орын керек екендігін ешкім жоққа шығара алмасы тағы анық…

«…Олимпиада өтеді деген аты ғана. Шын мәнісінде, толған «былық» қой. Кейде, әділдіктің жоқтығына ішің күйеді. Тіпті, оқушылардың өзі кімнің орын алатынын, кімнің алмайтындығына дейін біліп, сезіп отырады. Мектептен кім әділқазы болып барса, соның оқушысы міндетті түрде орын алады. Не нәрсе болса да жоғарыдан басталады ғой». Бұл олимпиада туралы ой қозғағандағы ауыл мұғалімінің айтқан сөзі-тін. Балық басынан шіриді деген осы да… Ұзын сөздің қысқасы, әділетсіздік жайлаған білім жүйесі былыққа әбден батып-ақ тұр.

Күні кеше өткен облыстық пән олимпиадасына қатысушылар тарапы тағы сол әділетсіздік жайында сөз қозғады. Олардың айтуынша, «Әділеттілік деген ешқашан болмаған және болмайды да». Сонда, әділдік қашан орнайды? Бұл тұста ой өрбіткен студент сөзі былайша өрбіді: «Олимпиадаға алғаш қатысқаннан-ақ әділқазылар әділетсіздігінен талай мәрте көңілім құлазып қалған күндер болған. Үш жыл қатарынан неге бұлай деген оймен келдім. Содан он бірінші сыныпта қалалық жарысқа қатыстым. Мұнда да төмен балл беріп, екінші орынға түсіріп тастаған еді. Бұл жолы үнсіз кете алмадым. Апелляцияға кіріп әділқазылармен дауласуға дейін бардым. Дәлелдеудің арқасында жеңіп шықтым. Негізінде, бірінші орын алуым керек болатын, бірақ, бұл орынды бермеді. Айтпағым, әділқазы алдында өзіңді қорғап алып шығуың керек. Сонда ғана әділдіктің шыңына шығасың. Ал егер үнсіз жүре берсең, сен үшін әділдіктің қақпасы ешқашан да ашылмайды».

Мұрат Бұланов,  Талдықорған қаласындағы дарынды балаларға арналған, үш тілде оқытатын М. Арын атындағы№24 «Экономика және бизнес» арнаулы лицейінің мұғалімі:

Осыдан он бес жыл бұрын, олимпиадаға өзім қатысқанымда тапсырма логикалық есепке сәйкестендіріліп келетін.Яғни, мектеп бағдарламасындағы тақырып болғандықтан, екі турда келетін тапсырмадан кемінде екі есеп шығарушы едік. Ал қазіргі келетін есептер тым күрделі. Неге десеңіз, мықты баланы анықтаймыз депхалықаралық олимпиаданың деңгейін көтеріп тастады. Ізінше республикалық, одан кейін облыстық олимпиадатапсырмаларын күрделендіріп жіберді. Меніңше, тапсырмаларды сәл жеңілдетсе, балаға көбірек есеп шығаруғамүмкіндік туар еді. Мәселен, математикадан екі турда алты есеп келсе, оның әрқайсысы 7 баллдан бағаланады.Ал, күні кеше ғана өткен облыстық олимпиада нәтижесінде үшінші орын алған балалар 8 баллмен өтіп кеткен.Сонда бір есеп шығарыпақ, жеңімпаз атанасың. Олимпиададағы әділетсіздік, орынды сату туралы не айтуғаболады? Көзбен көріп, қолмен ұстап алмаған соң нақты бірдеңе деу қиын. Дегенмен, мына бір оқиға әлі деесімде. Осыдан алтын жыл бұрын университетті жаңа бітірген кезім еді.Ол кездері сырттай оқып жүретінстуденттердің есебін ақшаға шығарып беретінмін. Бір күні түнделетіп бір жігіт есептер алып келді. Әлгі есептің текбіреуін ғана шығарып, қалған екеуін қанша тырыссам да шеше алмадым. Ертеңіне жұмысқа келдім. Ол шақтардаолимпиадаға бала дайындамайтын кезім. Сол күні түстен кейін облыстық пән олимпиадасына қатысып келген 11сынып оқушылары маған келіп мына есепті көріп жіберіңізші, қазір апелляцияға баруымыз керек еді деді.Қарасам әлгі есеп түнде өзім шығара алмаған тапсырма болып шықты. Ал әлгі жігіт бұл есептерді кімнен жәнеқалай алды?Міне мәселе қайда?! Осының алдында болған тағы бір оқиғаны айта кетейін. Тоғызыншы сыныптаоқыған тұста бір оқушым қатысып, әділқазылардың әділетсіздігіне қапаланып, бір ай бойы сабаққа келмейауырып қалған еді.Өйткені, ол сол күнге дейін тек әділеттілік жолымен жүрген бала болғаннан соң бұл оған ауырсоққы болып тидіӨкініштісі, математикадан күнделікті дайындап жүрген балаң облыстық олимпиададан орынала алмайды, керісінше,күні бойы доп теуіп жүрген оқушы аяқ асты математикадан үшінші орынды алып шығады.Осындай әділетсіздікке тап болғанда баланың сағы қайтіп сынбайды?

Олимпиада не көрсетті? Ондағы орынның сатылуы, әділқазылардың әділетсіздігі туралы мәселеге қатысты Алматы облыстық білім басқармасындағылар не айтады? Көпті толғандырған сауалдар бойынша аталмыш мекемеге бардық та. Бұл тұста осы жұмыстың басы қасында жүрген, бір сөзбен айтқанда, қазанында қайнап келетін бас маман Сара Рүстемқызына жолыққан едік. Алайда, ол басшының рұқсатынсыз жауап бере алмайтынын айтып әлек болды. Ал басқарма басшысы бұл мезетте жұмыстарымен облыстық әкімдікке кеткендіктен, оны күтуден басқа амал қалмады. Сөйтіп, қабылдау бөлмесінде бір жарым сағаттай отыруға тура келді. Күткеніміз зая болмады әрине. Басқарма басшысы келіп, оған көкейдегі сауалды қойдық.

Өз сөзінде Ләззат Базарқұлова білім саласына қатысты біраз нәрсені тілге тиек етті. Ал олимпиададағы орынның сатылуына қатысты сауалға: «Рас, орын сатылады деген сөз ел арасында қашаннан бері айтылуда. Осы сөздіңодан әрмен де белең алмауы үшін жыл сайын олимпиада жұмысына ерекше көңіл бөлініп, жіті қадағаланыпкеледі. Сондайақ, әділқазылар әділетсіздік танытады дегенді болдырмас үшін биыл облыстық олимпиадағақазылық етуге Алматыдағы жоғары оқу орындарының оқытушыларын арнайы шақырттық. Ал орын сатыладыдеген сөзді нақты бір дәлел келтіріп айтпаған соң, ел ішіндегі жел сөзге сене беруге болмайды ғой» деп қысқа қайырды.

Сарби ҚАСЫМБЕКҚЫЗЫ.

ДереккөзJetysuNews