Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

Қазақстан азаматы Қытайда күдікті болып, қамауға алынды. СІМ істі анықтап жатыр

Фото: Glavk.info

Не болды?

Жұмыс істеу үшін Қытайға барған Қазақстан азаматы Махмұтхан Шерназаров төбелеске қатысы бар деген күдікке ілікті. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Мәлімет

Kain_ar деген Threads қолданушысының сөзіне қарағанда, Қытайда Махмұтхан Шерназаровқа бірнеше адам жабылып, шабуыл жасаған. Ол бұған дәлел ретінде бейнежазба бар екенін айтты. Алайда Махмұтхан адам өліміне себеп болған төбелеске қатысы бар күдікті болып отыр. Төбелестен Қытай азаматы қайтыс болды.

скрин
Фото: Threads скрині

Біз бұл қайғылы жағдайды жоққа шығармаймыз, бірақ оқиғаның қалай өрбігенін дұрыс түсіну керек. Төбелес кезінде Махмұтхан өміріне қауіп төнген соң өзін қорғауға мәжбүр болды. Ол әдейі жоспарлап, шабуыл жасамаған, яғни агрессор емес. Махмұтхан Қытайға отбасы мен болашағы үшін жұмыс істеуге барған. Істің әділ қаралуын, бейнежазба мен топтық шабуылдың ескерілуін сұраймыз, — деп жазды Threads қолданушысы.

Сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесі

Қазақстанның сыртқы істер министрлігі оқиға бойынша Қытаймен байланысып жатыр. Министрліктің мәліметінше, Қазақстан азаматы денсаулыққа қасақана зиян келтірді деген күдікке іліккен.

Қытай халық республикасының Гуандун провинциясының Қоғамдық қауіпсіздік басқармасынан Қазақстанның Гуанчжоу қаласындағы бас консулдығына ресми хабарлама келіп түсті. Қазір Қазақстан қосымша ақпарат алу үшін ҚХР-дың құзырлы органдарына ресми сұрау жолдады. Еліміздің дипломаттары Махмұтханның туыстарымен байланыста болып, консулдық-құқықтық көмек беріп жатыр, — деп хабарлады сыртқы істер министрлігі.