ҚМА-ның Алматыдағы департаменті мемлекеттік сатып алу саласында ірі көлемде алаяқтық жасаған қылмыстық топты анықтады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Қаржы мониторинг агенттігінің мәліметінше, басты күдікті «КазСтройОпыт» LTD компаниясының басшысы болған. Ол жекеменшік компанияларды «Электрондық депозитарий» жүйесіне жалған актілер арқылы тіркейтін қылмыстық схема ұйымдастырған. Күдік тудырмау мақсатында компания консалтингтік қызмет көрсететін ұйым ретінде рәсімделген.
ҚМА мәліметінше, қылмыстық топ интернеттегі таргеттелген жарнама арқылы клиенттер тартқан.
Қылмыстық топтың құрамында 11 адам болған. Сонымен қатар бұл іске Шымкенттің Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы лауазымды тұлғалары да қатысқан. Делдалдар арқылы оларға заңсыз сыйақы беріліп отырған, – делінген хабарламада.
Тергеу барысында қылмыстық топ заңсыз жолмен түскен қаражатты түрлі компаниялардың шоттарына аударып, кейін қолма-қол ақшаға айналдырғаны анықталған.
ҚМА мәліметінше, осы схема арқылы күдіктілер 490 миллион теңге көлемінде табыс тапқан. Сонымен қатар жалған жұмыс тәжірибесін пайдаланып, мемлекеттік сатып алуға қатысқан 56 компания анықталған.
Қазір іс бойынша үш күдікті қамауға алынған, тағы сегіз адам ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылған. Қылмыстық іс сотқа жолданды.

