Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

Азық-түлік инфляциясы: елде қызанақ пен ұн арзандап, пияз бен картоп қымбаттады

Фото: Ерқанат Аманкел
Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин төрағалық еткен үкімет отырысында азық-түлік инфляциясы мен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының қазіргі ахуалы қаралды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Үкіметтің мәліметінше, 2026 жылғы сәуір айының қорытындысы бойынша азық-түлік инфляциясы 0,7% болды. Ал жылдық көрсеткіш 11,3% дейін төмендеген. Салыстырмалы түрде айтсақ, 2025 жылғы желтоқсанда бұл көрсеткіш 13,5% болған.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының индексі қатарынан үшінші апта бойы нөлдік деңгейде сақталып отыр. Бағаның тұрақталуына Астана және Алматы қалаларындағы өсімнің болмауы әсер еткен. Ал Шымкент пен Түркістан облысы аумағында баға 0,1% төмендеген. Алматы облысы мен Ақмола облысы өңірлерінде де арзандау байқалған. Бағасы ең көп төмендеген өнімдер қатарында қызанақ (-25,6%), қырыққабат (-18,7%), күнбағыс майы, балық, қарақұмық жармасы мен ұн бар. Алайда пияз бағасы 28,6%, сәбіз 15,7%, картоп 10,4% қымбаттаған, — делінген хабарламада.

Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Айжан Бижанова ішкі нарыққа жаңа піскен көкөністердің тұрақты жеткізіліп жатқанын айтты. Оның сөзіне қарағанда, «Жасыл дәліз» тетігі мен импорттық өнімдер нарықтағы тапшылықтың алдын алуға көмектескен.

KTJ Express желісі арқылы көрші елдерден шамамен 20 мың тонна картоп, 10 мың тонна сәбіз, 6 мың тоннадан астам пияз және 22 мың тонна қырыққабат жеткізілген.

Кеңес қорытындысында Серік Жұманғарин бақылау шараларын күшейтіп, өңірлерді арзандатылған астықпен қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.

Exit mobile version