Не болды?
Құрбан айт жақындаған сайын Қазақстанда құрбанға шалынатын малдың бағасы өсе бастады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Мәлімет
Energyprom мәліметінше, биыл наурыз айының соңында елдегі ірі қара мал саны 9,2 миллион басқа жетіп, былтырмен салыстырғанда 2,9% көбейген. Қой саны 21,1 миллионнан асып, ешкі 2 миллион басқа жеткен. Ең жоғары өсім жылқы шаруашылығында байқалып саны бір жылда 7,1% артып, 4,8 миллион бас болды.
Мал басы көбейсе де, нарықта қымбатшылық
Наурыз айында бір сиырдың орташа құны 489,3 мың теңге, бұқа – 526,7 мың теңге, жылқы – 581,3 мың теңге болған. Қойдың орташа бағасы 77,2 мың теңге, қошқардың бағасы 86,3 мың теңге болса, ешкі 46,3 мың теңгеден сатылған. Ең қымбат мал – түйе. Бағасы орта есеппен 800 мың теңгеден жоғары.
Құрбан айт алдындағы сұраныс та бағаның өсуіне әсер етті. Биыл алғаш рет Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының арнауы платформасы арқылы онлайн құрбандық шалуға болады.
Қазір құрбандыққа шалынатын малдың бағасы өңір мен мал түріне қарай әртүрлі. Ірі қараның құны 630 мыңнан 945 мың теңгеге дейін жетсе, қой бағасы 100–150 мың теңге аралығында. Ешкі үшін 55–100 мың теңге аралығында төлем қажет. Түйе құрбандығының бірыңғай бағасы 1,1 миллион теңге болып белгіленген.
Контекст
Естеріңізге салайық, ҚМДБ Құрбан айт қарсаңында кәсіпкерлерді мал бағасын негізсіз көтермеуге шақырған еді.

