Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Құрбан айт қарсаңында кәсіпкерлерді мал бағасын негізсіз көтермеуге шақырды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының мәліметінше, Құрбан айт – тек діни мереке ғана емес, елдегі бірлік пен мейірім дәстүрін нығайтатын маңызды рухани күндердің бірі.
Осы ретте еліміздегі барлық кәсіпкерді Құрбан айт кезінде мал бағасын қолдан өсірмеуге шақырамын. Халықтың әлеуметтік жағдайын ескеріп, қолжетімді баға ұсынсаңыздар екен дейміз. Сонымен қатар күнделікті тұтынатын азық-түлікке де мүмкіндігінше жеңілдіктер жасаған дұрыс болар еді, – деді Наурызбай қажы Тағанұлы Құрбан айт мерекесіне дайындыққа арналған баспасөз мәслихатында.
Оның сөзіне қарағанда, Құрбан айт күндері Қазақстанның әр өңірінде қайырымдылық және мәдени іс-шаралар ұйымдастыру жоспарланып отыр. Атап айтқанда, мешіттердің жанынан киіз үйлер тігіліп, ұлттық ойындар мен рухани кештер өткізіледі.
Бас мүфти тұрғындарды мереке кезінде ұлттық киім киіп, ұйымдастырылатын шараларға белсенді қатысуға шақырды. Ол ұлттық дәстүрді сақтау маңызды екенін атап өтті.
Еске салайық, биыл Құрбан айт мерекесі ҚМДБ күнтізбесіне сәйкес 27–29 мамыр аралығында өтеді. Ал 27 мамыр – Қазақстанда ресми демалыс күні болады.

