Не болды?
Алматыда кәмелетке толмаған алты жасөспірім есірткіге қатысты заң бұзғаны үшін жауапқа тартылуы мүмкін. Арасындағы ең жасы – небәрі 16 жастағы мектеп оқушысы. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Мәлімет
Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, биыл есірткі жасырушыларға қатысты 158 дерек тіркелген. Бұл былтырмен салыстырғанда көп. Анықталғандардың арасында кәмелетке толмаған алты жас бала бар.
Ұсталғандардың қатарында Алматыдағы колледждің бірінде білім алған екі студент қыз бен бір жас жігіт, сонымен қатар Алматы облысындағы екі мектеп оқушысы мен бір колледж студенті бар.
Полиция өкілінің айтуынша, барлық алты іс бойынша тергеу жүріп жатыр. Күдіктілердің кінәсі дәлелденсе, 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Мамандардың сөзіне қарағанда, жасөспірімдерді есірткі бизнесіне тартудың негізгі құралы әлеуметтік желідегі жарнама. Мұндай жарнамалар көбіне жұмыс іздеп жүрген немесе белгілі бір контентке қызығушылық танытатын жастарға бағытталады.
Жыл басынан бері құқық қорғау органдары есірткі тасымалдаушысы ретінде жұмыс ұсынатын 500-ге жуық интернет-ресурсты бұғаттаған. Сонымен бірге полиция жастар арасында синтетикалық есірткілердің кең таралып жатқанын айтты. Мамандар мұның тез тәуелділік тудыратынын және олардың марихуана мен гашишке қарағанда сұранысы жоғары екенін айтады.
Контекст
Естеріңізге салайық, Ақтау әуежайында шетел азаматы салмағы 1 келі болатын есірткіні денесіне жасырып өткізбек болған.

