Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

Әскери қызметшілердің төлемін ұлғайту ұсынылды

Фото: Бақдәулет Әбдуалы
Мәжіліс отырысында әскери қызметшілердің құқықтық жағдайын жетілдіруге бағытталған заң жобасы талқыланды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Құжатта төлем ұлғайту, бітімгерлік миссияға қатысатын әскери қызметшілердің мәртебесін нақтылау және арнайы бөлімшелердің құқықтық негізін күшейту қарастырылған.

Мәжіліс депутаты, Amanat партиясы фракциясының мүшесі Болат Керімбек заң жобасының стратегиялық маңызын атап өтті. Оның айтуынша, мемлекеттің қорғаныс қабілеті әскери қызметшілердің әлеуметтік жағдайымен тікелей байланысты.

Қуатты армия әскери қызметшілерге лайықты көзқарассыз, заманауи қорғаныс тетіктерінсіз және тиімді құқықтық реттеусіз қалыптаспайды, – деді депутат.

Оның сөзіне қарағанда, заң жобасы бір мезгілде бірнеше маңызды міндетті шешуге бағытталған. Атап айтқанда, әскери қызметшілердің әлеуметтік қорғалуын күшейту, халықаралық әскери ынтымақтастықты дамыту және қарулы күштердің кадрлық әлеуетін арттыру көзделіп отыр. Депутат төтенше жағдайлар мен терроризмге қарсы операцияларға қатысатын әскери қызметшілерге қатысты нормаларға ерекше тоқталды.

Мұндай міндеттер жоғары қауіппен, үлкен жауапкершілікпен және өмір мен денсаулыққа тікелей қатермен байланысты. Сондықтан үш еселенген ақшалай қамтылым – артықшылық емес, әділ өтемақы тетігі, – деді Болат Керімбек.

Сонымен қатар заң жобасында бітімгерлік миссияларға қатысты өзгерістер де қарастырылған. Депутаттың айтуынша, халықаралық операцияларға қатысып жүрген қазақстандық әскери қызметшілер елдің беделін халықаралық деңгейде танытып келеді.

БҰҰ бөлетін қаражаттың тікелей әскери қызметшілерге төленуі – орынды әрі әділ шешім, – деді ол.

Талқылауда арнайы операциялар күштерінің мәртебесін нақтылау мәселесі де көтерілді. Депутаттың пікірінше, бұл бөлімшелердің қызметі нақты құқықтық реттеумен бекітілуге тиіс.

Арнайы операциялар күштері – жоғары мобильді әрі кәсіби даярланған бөлімше. Олардың мәртебесін нақтылау ұлттық қауіпсіздікті нығайтуға тікелей әсер етеді, – деп атап өтті депутат.

Мәжілісте қаралған заң жобасы әскери қызметтің беделін арттыруға және елдің қорғаныс жүйесін күшейтуге бағытталғаны айтылды.