Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

«Алғашқы 96 сағат маңызды». Кене шақса, қайда хабарласу керек?

Фото: ustinka.kz
Алматы тұрғындары кене энцефалитіне қарсы вакцинация мәселесі бойынша кеңес алып, кене шақса, қайда жүгіну қажет екенін 1312 жедел желісі арқылы біле алады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының өкілдерінің мәліметінше, кене шаққаннан кейін алғашқы 96 сағат ішінде міндетті түрде медицина көмегіне жүгіну қажет. Себебі осы уақыт аралығында кенеге қарсы иммуноглобулин салу жақсы нәтиже береді.

Басқарма мәліметінше, шұғыл көмек — кенені алып тастау және иммуноглобулин салу — қалалық ауруханалардың травматологиялық пункттерінде көрсетіледі.

  • Алмалы және Бостандық аудандарының тұрғындары Жандосов көшесі, 6 мекенжайында орналасқан Орталық қалалық клиникалық ауруханаға жүгіне алады.
  • Түрксіб және Жетісу аудандары бойынша көмек Папанин көшесі, 220 мекенжайындағы №4 қалалық клиникалық ауруханасында көрсетіледі.
  • Әуезов, Алатау және Наурызбай аудандарының тұрғындары Қалқаман шағынауданы, 20 мекенжайында орналасқан №7 қалалық клиникалық ауруханаға бара алады.
  • Ал Медеу ауданының тұрғындары Қазыбек би көшесі, 96 мекенжайындағы Жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасына жүгінуге тиіс.

18 жасқа дейінгі балаларға, тұрғылықты ауданына қарамастан, Манас көшесі, 40-үй мекенжайындағы Балаларға шұғыл медициналық көмек беру орталығында шұғыл профилактика жүргізіледі.

Дәрігерлер кене энцефалитінің алдын алудың ең сенімді жолы вакцинация екенін айтып өтті. Қазіргі уақытта қала емханаларында 16 жастан асқан азаматтарға арналған «ТикоВак» вакцинасы бар.

Сонымен қатар медициналық ұйымдарда кене шаққаннан кейінгі шұғыл профилактика үшін қажет иммуноглобулин мен вакцинаның жеткілікті қоры бар екені айтылды.

Exit mobile version