Алматыда көлік жүйесі жаңартылып, LRT желісінің құрылысына дайындық жүріп жатыр. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында жолаушылар көлігі және жол қозғалысын ұйымдастыру басқармасының басшысы Ержан Диханбаевтың мәліметінше, Алматыда көлік инфрақұрылымын дамыту, жол қозғалысын цифрландыру және қоғамдық көлікті жетілдіруге бағытталған кешенді жобалар іске асырылып жатыр.
Алматы әкімдігі көлік кептелісін азайту үшін халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, қоғамдық көлікті дамыту мен жол инфрақұрылымын цифрландыруды қатар жүргізіп отыр.
Спикердің айтуынша, негізгі басымдық — қоғамдық көлікті тұрғындар үшін жылдам, ыңғайлы әрі қолжетімді ету. Осы мақсатта автобус жолағының желісі кеңейтіліп, жолақы төлеу жүйесі жаңғыртылып, көлік-тасымал тораптарын дамыту жұмыстары қолға алынған. Сонымен қатар метро мен LRT сияқты ірі инфрақұрылымдық жобалар да қатар жүзеге асырылып жатыр.
Қалада жол қозғалысын реттеу үшін интеллектуалды көлік жүйелері енгізіліп жатыр. Бағдаршамдар жаңартылып, көлік ағынын камералар мен дрондар арқылы модельдеу басталған. Сонымен қатар орталық көшелерде біржақты қозғалыс енгізу жобалары қарастырылып жатыр. Бағдаршамдарды үйлестіру арқылы көлік дәлізін қалыптастырып, магистральдардағы қозғалысты жеңілдетеміз, — деді Ержан Диханбаев.
Бұдан бөлек, 2026 жылы №96 және №130 жаңа автобус бағыттары ашылды. Қалада жаңа маршруттарға талдау жүргізіліп, сұранысы жоғары аудандар мен жүктемесі көп желілер қайта қаралып жатыр.
Жыл соңына дейін қоғамдық көлікті экологиялық стандарттарға көшіру жоспарланып отыр. Қазіргі таңда автобустардың 64,1%-ы газбен, 4,7%-ы электробуспен, 7,2%-ы троллейбуспен жұмыс істейді. Велоинфрақұрылымды дамыту да назарда: веложолдар ұзындығы 87 шақырымнан 125,5 шақырымға дейін ұлғайтылады. Қалада ақылы автотұрақ жүйесі кеңейіп, қазіргі 17 мың орынға қосымша 8 мың орын қосылады. Аулалар бұл жүйеге енгізілмейді. LRT жобасына келсек, алғашқы желінің техникалық-экономикалық негіздемесі аяқталып, мемлекеттік сараптамадан өтіп жатыр. Ұзындығы 18,3 шақырым болатын желі Төле би көшесі, Абылай хан даңғылы арқылы Алматы-2 вокзалына дейін және Момышұлы көшесі арқылы Алатау ауданындағы индустриялық аймаққа дейін жетеді. Жоба мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысынан кейін толық құрылыс кезеңіне өтеді. Ол LRT желісімен қатар депо құрылысын да қамтиды, — делінген хабарламада.
Сонымен бірге қалада жолайрықтар салу, қиылыстарды оңтайландыру, жолдарды қайта таңбалау және қозғалысты реттеу жұмыстары жалғасып жатыр. Бақылау-линиялық қызмет құрылып, қоғамдық көлік сапасын бақылау күшейтіледі.
Жароков пен Серкебаев көшелеріндегі сары жолақтар туралы да түсініктеме берілді: бұл шешім түнгі көрінімділікті арттырып, ретсіз автотұрақпен күресуге және жол қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған.

