Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

Маркетплейстерге «Қазақстанда жасалған» бөлімін ашу міндеттеледі

Фото: Depositphotos.com
Қазақстанда отандық тауарларды қолдау мақсатында жаңа заңнамалық өзгерістер әзірленіп жатыр. Енді бұл талап тек сауда желілеріне ғана емес, онлайн-платформаларға да қатысты болуы мүмкін. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Сауда және интеграция министрлігінің міндетін атқарушы министрі Айжан Бижанованың айтуынша, тиісті заңнамалық түзетулер қазір мүдделі мемлекеттік органдардың қарауына жіберілген.

Жаңа талаптар бойынша, маркетплейстер іздеу нәтижелерінде алдымен қазақстандық өнімдерді көрсетуге және «Қазақстанда жасалған» арнайы бөлімдерін құруға міндеттеледі. Сонымен қатар министрлік бұл талаптардың орындалуына бақылауды күшейтеді.

Заңнама талаптарының бұзылуы туралы шағымдар жоспардан тыс тексерулер жүргізуге негіз бола алады. Отандық тауарлардың сауда желілеріне қолжетімділігін шектеу, нұсқамаларды орындамау және жеткізушілермен жұмыс талаптарын бұзу фактілері үшін айыппұл қарастырылған, – делінген ведомство хабарламасында.

Бұдан бөлек, жаңа заңнамалық өзгерістер аясында «өнімсіз делдал» ұғымын енгізу, сауда кедергілеріне бақылауды күшейту және бос сауда орындары болған жағдайда отандық өндірушілерге басымдық беру жоспарланып отыр.