Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

Тоқаев Қызылорда облысына жаңа әкім тағайындады

Фото: gov.kz
Қызылорда облысының әкімі лауазымына Мұрат Ергешбаев тағайындалды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Тиісті жарлық Ақорданың баспасөз қызметі арқылы жарияланды.

Мемлекет басшысының жарлығымен Мұрат Нәлқожаұлы Ергешбаев Қызылорда облысының әкімі лауазымына тағайындалды, — делінген хабарламада.

Жаңа әкімнің тағайындалуы өңірді басқару жүйесіндегі кадрлық өзгерістер аясында жүзеге асты.

Мұрат Ергешбаев 1966 жылы Қызылорда қаласында туған. Алматы халық шаруашылығы институтын және ҚР президентінің жанындағы ұлттық жоғарғы мемлекеттік басқару мектебін бітірген.

Еңбек жолын 1989 жылы Сырдария ауданында Жамбыл кеңшарының экономисті ретінде бастап, Сырдария аудандық өнеркәсіп бірлестігінің бөлім бастығы қызметтерін атқарған.

Сонымен қатар облыста банк саласында түрлі басшылық лауазымдар атқырып, ҚР төтенше жағдайлар министрлігінің «Өрт сөндіруші» акционерлік қоғамының вице-президенті болған.

2008-2017 жылдары Қызылорда қаласының әкімі, облыстық қаржы басқармасының бастығы, Қармақшы және Шиелі аудандарының әкімі, Алматы бойынша тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті басшысының орынбасары, «ҚазАгроӨнім» акционерлік қоғамының басқарушы директоры, Қызылорда облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы қызметтерін атқарған.

2017 жылғы қазан айынан бастап 2021 жылға дейін Қазалы ауданының әкімі қызметін атқарды. 2021–2023 аралығында Сырдария ауданының әкімі болды.