Қазақстанда жоғары оқу орындарының оқу ақысы қымбаттады. Былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 2026 жылғы оқу ақысы шамамен 11% артқан. Оқу ақысының өскеніне қарамастан, 2025-2026 оқу жылының басында ЖОО-ның ақылы бөліміне 130,8 мың студент қабылданды.
Baribar.kz еліміздегі жоғары оқу орындарының ең төменгі және ең жоғары оқу ақысы қанша теңге екенін анықтап көрді.

Оқу ақысы қымбаттауының басты себебі — инфляция

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2025 жылғы қаңтар–наурыз айларымен салыстырғанда, биыл оқу ақысы 10,8% қымбаттады. Кейінгі жылдары жоғары оқу орындарында қызмет құны біртіндеп өсіп келеді. 2022 жылдан бері жоғары білім беруге арналған баға көрсеткіші 110%-дан 116%-ға дейін көтерілген.

ЖОО, оқу ақысы, статистика
Фото: Finprom.kz

2024 жылдан бері оқу ақысының қымбаттауына инфляция ықпал еткен. 2024-2025 жылдар мен биылғы алғашқы тоқсанындағы жоғары білім беру қызметінің баға индексі мен жалпы ақылы қызмет бағасының индексі шамалас болып тұр.

Қай аймақта оқу ақысы қымбаттаған?

Биылғы бірінші тоқсанындағы жоғары білім беру қызметіне арналған баға индексі — 110,8%. Алайда бұл дерек еліміздің әр өңіріндегі шын жағдайды дөп көрсетпейді.

ЖОО-дағы оқу ақысы қымбаттаған аймақтар мыналар:

  • Атырау облысы — 36,3%;
  • Түркістан облысы — 19,6%;
  • Маңғыстау облысы — 15,4%;
  • Шымкент — 15,2%;
  • Астана 15% көрсеткішпен көш бастап тұр. Студенттер мен жастардың қаласы Алматыда оқу ақысы 9,4% қымбаттаған.
ЖОО, оқу ақысы
Фото: Finprom.kz

Алматы облысында жоғары білім беру бағасы мүлдем өзгермеген. Оқу ақысының баға өсімі баяу аймақтар:

  • Қостанай облысы — 1,8%;
  • Ақтөбе облысы — 5%;
  • Ұлытау облысы — 5,9%.

Алматыда оқу құны 500 мыңнан 7,6 млн теңгеге дейін барады

Оқу жылының басында оқу ақысы өңірлерге қарағанда үлкен қалаларда біршама жоғары болған. Мәселен, Алматыдағы жоғары оқу орындарында бір жыл оқу құны 500 мың мен 7,6 миллион теңге аралығында екені анықталды. Оқу орнының мәртебесіне, студент таңдаған мамандық пен басқа да факторға қарай баға әртүрлі сомада бекітілген. Ал өңірлерде оқу жылының басында оқу ақысы жылына 450 мың мен 2,4 миллион теңге аралығында болды.

Биыл ЖОО-ның ақылы бөліміне 130,8 мың студент оқуға түсті

Ұлттық статистика бюросының дерегі бойынша, 2025-2026 оқу жылының басында жоғары оқу орындарының ақылы бөліміне 130,8 мың студент қабылданды. Демек, ақылы бөлімде оқитын студенттер былтырғы көрсеткіштен 27,6%-ға артқан.

ЖОО, студент
Фото: Finprom.kz