Түркістан облысында болған жол-көлік оқиғасы салдарынан үш кәмелетке толмаған бала қаза болды. Апат 22 сәуір күні «Арыс–Шардара» автожолында болған. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Түркістан облыстық полиция департаменті мәліметінше, жол-көлік оқиғасына Chevrolet Cobalt пен КамАЗ көліктері қатысқан. Қайғылы жағдай салдарынан жеңіл көлікте отырған үш жолаушы оқиға орнында көз жұмды. Сонымен қатар Chevrolet Cobalt жүргізушісі мен тағы бір жолаушы ауруханаға жеткізілген. Жүк көлігінің жүргізушісі зардап шекпеген, ол уақытша ұстау изоляторына қамалды, — делінген хабарламада.
Алдын ала мәлімет бойынша, көлікте Мақтаарал ауданынан шыққан кәмелетке толмаған спортшылар болған. Олар жаттықтырушымен бірге Түркістан қаласына волейбол жарысына бара жатқан.
Полиция мәліметінше, балаларды тасымалдау туралы уәкілетті органдарға, оның ішінде полицияға алдын ала хабар берілмеген.
Бауыржан Зиятаевтың айтуынша, қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Сонымен қатар балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету міндеттерін тиісінше орындамау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған. Тергеу нәтижелері бойынша заңға сәйкес процессуалдық шешім қабылданады.
