Алматыда 6-класс оқушысы мектепке балта алып келген

Алматыда оқушысы қыз мектепке балта алып келіп, шабуыл жасауды жоспарлаған. Полиция қауіптің алдын алды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Tengrinews.kz мәліметінше, 6-класта оқитын оқушы қыз әлеуметтік желі арқылы тапсырма алып, мектепке суық қару алып келген.

Алматы полиция департаменті бұл ақпаратты растады. Ведомствоның мәліметінше, кәмелетке толмаған қыз әлеуметтік желілер арқылы алған нұсқаулардың ықпалымен заңға қайшы әрекет жасауды жоспарлаған.

Полиция қызметкерлерінің дер кезінде қабылдаған шараларының арқасында құқыққа қарсы әрекеттің жолы кесіліп, оның жүзеге асуына мүмкіндік берілген жоқ, – делінген хабарламада.

Қазіргі таңда аталған дерек бойынша Жетісу аудандық полиция басқармасы соталды тергеп-тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Тергеу барысында оқиғаның барлық мән-жайы, соның ішінде жасөспірімді заңсыз әрекетке итермелеуі мүмкін тұлғалар анықталып жатыр.

Сонымен қатар кәмелетке толмаған қыздың заңды өкілдеріне қатысты да баланы тәрбиелеу міндеттерін тиісінше орындамау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған.