Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

Жанәбіловтер ісі: прокурор блогерлерді 4 жылға соттауды сұрады

Видео скрині
Астанада блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты қылмыстық іс бойынша сот тергеуі аяқталып, жарыссөз кезеңі басталды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Жарыссөзде прокурор Олжас Хайруллаев Ерболат Жанәбіловті қылмыстық кодекстің 214-бабы 2-бөлігі (заңсыз кәсіпкерлік) бойынша екі жыл алты айға, ал 218-бабы 2-бөлігі (қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру) бойынша төрт жылға бас бостандығынан айыруды сұрады. Қылмыстық кодекстің 58-бабына сәйкес, жазаларды біріктіру арқылы оған түпкілікті төрт жыл жаза тағайындау ұсынылды. Сонымен қатар оны сот залында қамауға алу сұралды.

Сонымен қатар прокурор Эльмира Төлегеноваға да мүлкін тәркілеумен төрт жылға бас бостандығынан айыру жазасын сұрап, жазаны өтеуді бір жылға шегеруді ұсынды.

Олжас Хайруллаев айыпталушылардың тергеу барысында қысым болғаны туралы мәлімдемесіне күмән келтірді. Оның айтуынша, іс материалдары бойынша, қылмыстық іс 218-бап бойынша қалалық прокуратурамен қозғалып, кейін экономикалық тергеу департаментіне жолданған. Қазіргі уақытта айыпталушылардың Instagram желісіндегі аккаунттары бұғатталмаған.

Оның айтуынша, тергеу барысында айыпталушыларға қатысты бұлтартпау шарасы қолданылмаған, сондықтан қандай да бір қысым болған жағдайда уәкілетті органдарға жүгінуге мүмкіндігі болған.

Еске салайық, Астананың мамандандырылған ауданаралық соты Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегенованы лицензиясыз лотерея ұйымдастырғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартқан болатын.

Тергеу органдары әлеуметтік желілер арқылы жиналған қаражатты заңсыз кәсіпкерлік нәтижесінде алынған кіріс деп бағалап, оны заңдастыру белгілерін анықтаған.

Exit mobile version