Қоғам белсендісі Серікжан Біләштің келмеске кеткен Мұхтар Шахановтың қазасына қатысты айтқан сөзі халықтың ашуын келтірді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Серікжан Біләштің әлеуметтік желіде жариялаған бейнежазбасында жуырда өмірден өткен қазақтың көрнекті ақыны, жазушысы әрі қоғам қайраткері Мұхтар Шаханов туралы орынсыз әрі әдепсіз пікір білдірген.
Бейнежазбада Біләш ақынның өмірден өтуіне қатысты құрметсіз сөздер айтып, оның шығармашылығы мен тұлғасына күмән келтірген. Бұл мәлімдеме әлеуметтік желі қолданушыларының ашуын туғызды.
Қайтыс болса, не болыпты, дүние құлап қалыпты ма, жер шары тоқтап қалып па, күн батыстан шығып па, не болып қалыпты соншама?! Бір арсыз ақын өлді. Қолына қалам ұстап, қағаз кеміріп, бірнеше шумақ өлең жазған, қолдан жасалған тұлға, – деп тіл тигізді жазушыға Серікжан Біләш.
АҚШ-та жүрген «Атажұрт» ұйымының жетекшісі «енді не айтамын, көрдім де құрысын, өте арсыз, ұятсыз, екі беттей жалақор адам дүниеден озды, болды, басқа айтарым жоқ», деп қазақтың біртуар ақынына кір келтірген.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Халықтың ызасына тиген Серікжан Біләштің видеосы әлеуметтік желілерде талқыланып, пайдаланушылар тарапынан сынға алынды. Желі қолданушылары «Не деген сұмдық», «Біләштің бұл тірлігі адамдыққа да, арға да сын», «Ұят-ай, масқара», «Серікжан сөйлей-сөйлей бәдікке айналды», «Секеңді секеңдетіп жіберу керек», «Осы неменің интернетін өшіріп тастайтын жақсы адам бар ма» және басқа да пікір қалдырған.
Сонымен қатар желі қолданушылары Мұхтар Шахановтың елдік мүдде жолындағы еңбегі мен шығармашылығы халық жадында мәңгі сақталатынын айтып, оның тұлғасына құрмет көрсетуге шақырды.
Еске салайық, ақын, драматург, қоғам қайраткері, Қазақстанның Халық жазушысы, еңбек ері Мұхтар Шаханов 2026 жылғы 19 сәуір күні 84 жасқа қараған шағында дүниеден өтті. Ол 22 сәуірде Түркістан облысының Отырар ауданында жерленді.
