Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

Электросамокат тәртібі: Астанада 200-ге жуық адам жауапқа тартылды

Фото: Бақдәулет Әбдуалы
Астанада электросамокат пайдаланушыларға қатысты бақылау күшейіп, рейд барысында 200-ге жуық адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Қалалық полиция департаментінің мәліметінше, тексеру жұмыстары ауа райының жылынуы мен самокат мінушілер санының артуына байланысты қолға алынған.

Рейд қорытындысы бойынша жол қозғалысы қағидаларын бұзған азаматтарға әкімшілік шаралар қолданылды. Сонымен қатар талапқа сай қойылмаған 170-тен астам электросамокат коммуналдық тұрақтарға эвакуацияланған. Самокаттарды ретсіз қалдыру жаяу жүргіншілерге қолайсыздық туғызып қана қоймай, олардың қауіпсіздігіне де қауіп төндіреді. Әсіресе бұл жағдай мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен балалар арбасымен жүрген ата-аналарға айтарлықтай қиындық келтіреді, — делінген хабарламада.

Полиция қызметкерлері тұрғындарға самокатты қауіпсіз пайдалану, қорғаныс құралдарын қолдану және жолдағы өзге қатысушыларға кедергі келтірмеу қажеттігін тұрақты түрде түсіндіріп жатыр.

Қалалық полиция жол қозғалысы қағидаларын қатаң сақтауға шақырып, қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасатынын мәлімдеді.