Дубай соты Қазақстан азаматы Ернұр Алмаханды бірнеше ауыр қылмыс бойынша кінәлі деп танып, оны өмір бойына бас бостандығынан айырды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
ҚР сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, үкім 18 наурызда бірінші сатыдағы сотта шығарылған.
Сот шешімі бойынша, айыпталушыға өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасымен қатар айыппұл да салынған. Сотталған азамат апелляциялық шағым түсірген. Осыған байланысты үкім әзірге заңды күшіне енбеген. Қазақстан тарапы Біріккен Араб Әмірліктері құзырлы органдарына ресми сұрау жолдаған, — делінген хабарламада.
Министрліктің 21 сәуірдегі хабарламасында қазіргі уақытта жауап күтіліп отырғаны айтылған. Сонымен қатар Қазақстанның бас консулдығы Дубайда өз құзыреті аясында қажет консулдық-құқықтық көмекті көрсетіп жатыр. Бұл мәселе сыртқы істер министрлігінің бақылауында.
Айта кетейік, Ернұр Алмахан 2024 жылы жұмыс істеу мақсатында Біріккен Араб Әмірліктері аумағына барған.
