«Құтыруды емдейтін дәрі жоқ». Дәрігерлер ескерту жасады

Құтыру ауруы 150-ден астам елде тіркеледі. Жыл сайын әлемде 55 мыңнан астам адам осы аурудан қайтыс болып жатыр. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

ҚР денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, бұл дерт орталық жүйке жүйесін зақымдап, дер кезінде ем қолданылмаса өлімге әкелуі мүмкін.

3 адам қайтыс болды

Қазақстанда 2025 жылы құтырудың үш жағдайы өліммен аяқталған (2024 жылы мұндай жағдай тіркелмеген). Жануарлардың тістеуі, тырнауы немесе сілекейі арқылы жұқтыру қаупіне байланысты былтыр 60 мыңнан астам адам медициналық көмекке жүгінген. Ал 2026 жылдың алғашқы тоқсанында 14 мыңнан астам адам дәрігер көмегіне жүгінген, — делінген хабарламада.

Жануар тістесе не істеу керек?

Мамандардың айтуынша, құтырудың алдын алудың негізгі жолы – дер кезінде вакцина алу. Сонымен қатар жарақат алған жерді сабынды ерітіндімен мұқият жуу қажет.

Құтырудың алдын алу үшін мыналар ұсынылады:

  • жабайы жануарлармен байланысқа түспеу, өйткені сау жабайы жануарлар әдетте адамнан қашқақтайды;
  • үй жануарларына құтыруға қарсы профилактикалық екпелерді міндетті түрде жасау;
  • үй жануарының мінезі өзгерсе, басқа жануардан жарақат алса немесе себепсіз өлсе, міндетті түрде ветеринар маманға жүгініп, бақылау орнату немесе өлім себебін анықтау;
  • егер жануармен (сырттай сау көрінсе де) байланыс болған жағдайда, тұрғылықты жердегі травматологиялық пунктке дереу жүгініп, жараны өңдету және вакцинациялав курсынан өту қажет. Вакцинациялау тегін жүргізіледі. Жараны шаруашылық сабынды мол қолдана отырып өңдейді;
  • тағайындалған емнен еш жағдайда бас тартпау және өз бетінше тоқтатпау қажет, себебі бұл қайғылы салдарға әкелуі мүмкін.

Құтыруды емдейтін дәрі жоқ. Ауру жануар тістеген адам үшін құтыруға қарсы вакцина – өмірді сақтап қалудың жалғыз мүмкіндігі. Кез келген күмәнді жағдайда уақыт жоғалтпай, дереу вакцинация курсынан өту қажет, — делінген хабарламада.