Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Моңғолия президенті Ухнаагийн Хурэлсүхпен келіссөз жүргізді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Кеңейтілген құрамдағы кездесуде Қазақстан президенті екі елдің тарихи және мәдени байланыстарына тоқталып, қазақ пен моңғол халықтарының тамыры ортақ екенін атап өтті.
Біз – Еуразиядағы ежелгі көшпенділер өркениетінің мұрагерлеріміз. Қазақ пен моңғол – тарихы ортақ, достығы жарасқан, салт-дәстүрі ұқсас халықтар. Қазақстан Моңғолиямен ынтымақтастықты нығайтуға айрықша мән береді, – деді мемлекет басшысы.
Президент Моңғолия басшысының бұл мемлекеттік сапары екіжақты қарым-қатынасты жаңа деңгейге көтеруге ықпал ететініне сенім білдірді. Оның айтуынша, 2024 жылғы сапар барысында қол жеткізілген келісімдер нәтижесінде Қазақстан мен Моңғолия арасындағы байланыс стратегиялық серіктестік деңгейіне жеткен.
Тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту мәселесін де талқылады. Бүгін елордада қазақ-моңғол бизнес форумы өтеді, оған Моңғолиядан бірқатар компания қатысады.
Сонымен қатар екі ел басшылары Астана мен Ұланбатыр арасында тікелей әуе қатынасын қайта жандандыруға уағдаласты.
