Қазақстанда «Мейірімділік апталығы» басталды

Қазақстанда «Игі істер марафоны» республикалық жобасы аясында 20-26 сәуір аралығында өтетін «Мейірімділік апталығы» бастау алды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, бастама волонтерлық пен қайырымдылық мәдениетін дамытуға бағытталған.

Бір апта бойы ел көлемінде мемлекеттік органдар, білім беру және медициналық мекемелер, үкіметтік емес ұйымдар мен волонтерлардың қатысуымен түрлі игі іс-шаралар мен акциялар өткізіледі. Әсіресе, әлеуметтік тұрғыдан осал топтарға қолдау көрсетуге, жануарларға жауапкершілікпен қарауға және қоршаған ортаны қорғауға баса мән беріледі, — делінген хабарламада.

Жоба Қазақстан азаматтарын игі істерге жұмылдырып, қоғамдағы бірлікті нығайтуды, қайырымдылық пен адамгершілік құндылықтарын кеңінен дәріптеуді көздейді. Республика бойынша іс-шараларға мыңдаған адам қатысады.

Акцияға кез келген адам әлеуметтік желілерде өз игі істерімен бөлісіп, #ИгіІстерМарафоны2026, #МарафонДобрыхДел2026 және #MarathonOfGoodDeeds2026 хэштегтерін белгілеу арқылы қосыла алады.