Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

«Атырау» футбол клубы 77 млн теңгеге сатылды

Фото: Атырау облысы дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы

Не болды?

«Атырау» футбол клубы өз құнынан үш есе арзан бағаға — 77 миллион теңгеге сатылды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Мәлімет

Клубтың сатылатыны Sauda сайтына жарияланған. Сатушы — Атырау облысының мемлекеттік сатып алу және коммуналдық меншік басқармасы. Бастапқы бағасы – 75 242 400 теңге, кепілдік жарнасы – 37 621 200 теңге, бағалау құны 250 808 000 теңгеге дейін жетті. Сайтта сатып алушыға бірқатар міндет жүктелген:

  • клубтың қызмет бағытын сақтап, тұрақты басқаруды қамтамасыз ету;
  • жұмыс орнын сақтау немесе жаңасын жасау;
  • қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету және қарыз болмауы;
  • сатып алушының салық берешегі болмауы;
  • жыл сайын тәуелсіз аудит жүргізу;
  • қаржылық, спорттық және инвестициялық қызмет бойынша уәкілетті органдарға есеп беру;
  • жарысқа қатысу үшін клубтың барлық шығынын төлеу;
  • міндеттемені орындау мен қарыз үшін жауапкершілік арқалауды тек тәуелсіз аудиттен кейін бастау;
  • футбол академиясын өз қаражаты есебінен кемінде бір милиард теңгеге салу (алаң, киім ауыстыру бөлмелері, медицина орталығы, қалпына келтіру аймағы және кемінде 50 адамға арналған жатақхана);
  • академия құрылысын үш жыл ішінде аяқтау;
  • бір жыл ішінде жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеп, сараптамадан өткізу;
  • клубты Қазақстан чемпионатына (ҚПЛ) қатыстырып отыру;
  • ерлер командаларын ҚПЛ мен екінші лигада сақтау және әйелдер командасын ашу (әрқайсында кемінде 25 ойыншы);
  • балалар мен жасөспірімдер футболын дамыту;
  • үш жыл ішінде футбол орталығында жаттығатын бала санын 1000 адамға жеткізу;
  • Қазақстан өңірлерінен жас ойыншыларды іріктеу және клубқа тарту.
"Атырау" ФК
Фото: Sauda сайтынан

Құны қалай бағаланады?

Сайтта көрсетілген есепте клуб құралдарының құны көрсетілген. Сарапшылар жалпы 721 нысан (жиһаз, спорт және техника жабдығы) бар деп есептеген. Олардың нарықтағы құны 88 млн теңгеден сәл асады.

Пайдалануға ең жарамсызы ретінде киім сөресі мен HP LaserJet Pro принтері көрсетілген. Ал GPS-трекер мен жаттығу жасауға, дене шынықтыруға арналған құралдардың жағдайы жақсы деп бағаланған.

Арзан бағада сатылуы ойландырады

Клубтың бағалау құнынан шамамен үш есе төмен бағаға сатылуы мәміленің ашықтығы мен мемлекеттік активтерді басқару тиімділігіне қатысты сұрақ туындатады. Мұндай нысандар жай ғана мүлік емес, спорттық инфрақұрылымының бір бөлігі.

Анықтама

«Атырау» футбол клубы 1980 жылы құрылды. Бұрын «Прикаспиец» және «Ақ Жайық» деген атаулармен ойнады. Қазіргі атауын 2001 жылы алды. Команда 2001 жылы және 2002 жылдары Қазақстан чемпионатының күміс жүлдегері болып, 2009 жылы ел кубогын жеңіп алды.

Контекст

Естеріңізге салайық, Қазақстанның басқа өңірлерінде де футбол клубтарын жекешелендіру жалғасып жатыр. Жекешеленгендер қатарында «Қайсар», «Ақтөбе» және «Шахтёр» клубтары бар.